Еліміздің күрес түрлерінен ұлттық құрама бапкерлері тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің еркін және әйелдер күресі құрамаларына бас бапкерлер тағайындалды.

Еліміздің күрес түрлерінен ұлттық құрама бапкерлері тағайындалды
Фото: ҚР Күрес федерациясы

Қазақстан күрес федерациясының жалпы жиналысы өтті. Онда алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағыттар мен жүйелі даму тетіктері талқыланды.

Жиналыста вице-президент қызметіне Атланта Олимпиадасының жеңімпазы Мельниченко Юрий Васильевич пен Лондон Олимпиадасының жүлдегері Таңатаров Ақжүрек Достықұлы тағайындалды. 

Сондай-ақ, бас хатшы қызметіне бұған дейін «Қазақ күресі» қауымдастығының бас директоры болған Бекбосынов Дамир Асенғазыұлы кірісті.

Ал бұрын вице-президент болған Нұржан Қатаев, Дәурен Жабасов, Сабыржан Зайнидинов қызметін жалғастыра береді.

Сондай-ақ, отырыста еркін және әйелдер күресінен ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушысы лауазымына үміткерлердің кандидатуралары қаралды. Үміткерлер өздерінің жеке бағдарламасымен таныстырды. Енді еркін күрестен Аслан Байгулов, әйелдер күресінен Әділет Ермаковтың кандидатурасы ұсынылып, талқыланды.

— Алдағы міндет — күрес спортын жүйелі, әділ және тұрақты дамыту. Әр өңірдегі жұмыс ортақ талаптарға сүйеніп, қабылданатын шешімдер ашық әрі түсінікті болуы шарт, — деді Еркін Оқасов.

Айта кетсек, бұдан бұрын грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып Еркін Оқасов сайланған еді. 

Соңғы жаңалықтар