Еліміздің вагон паркі 100%-ға жаңартылады
АСТАНА. KAZINFORM — № 145/146 «Астана-Омбы» халықаралық бағытына 8 жаңа жолаушылар вагоны пайдалануға берілді. 3 купе және 8 плацкарт вагон 300-ден астам жолаушыны тасымалдайды.
Бұл вагондар — отандық өнім.

Петропавлда құрастырылған олар кондиционер, биодәретхана, бейнебақылау камералары т. б. заманауи құралдармен қамтамасыз етілген.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Дияр Нүсіпқожановтың сөзінше, соңғы 4 жылда Петропавлдан осындай 436 вагон жеткізілген.

Олар «Павлодар-Түркістан», «Павлодар-Алматы», «Қызылорда-Семей», «Алматы-Саратов», «Алматы-Новосібір» және «Маңғыстау-Атырау» бағыттарында жолаушы тасымалдап жүр.


— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жолаушылар вагондары паркін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл — компанияның стратегиялық басым бағыты. Алдағы екі жылда тағы 131 жаңа вагон аламыз. 2030 жылға қарай еліміздің вагон паркі 100%-ға жаңартылады, — деді Д. Нүсіпқожанов.

Айта кетейік, жолға шыққан жаңа вагондарды Railways Systems KZ холдингі құрастырған.

— Жылына 150-250 шамасында жолаушылар вагонын құрастыра аламыз. Олардың жарамдылық мерзімі — 40 жылға дейін. Осы аралықта тозса, әлбетте, жөндеуден өткізуге болады. Одан бөлек жүк вагондары, цистерналар т. б. өнімдерді шығарамыз. Өндіріске қажетті шикізаттың кейбірін елімізден, кейбірін Ресей, Беларусь тәрізді мемлекеттерден аламыз, — дейді компанияның коммерциялық директоры Артем Павлингер.


Еске салайық, бұған дейін сәуірде Stadler компаниясының алғашқы вагондары қатынай бастайтынын жазғанбыз.