10:06, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Елорда әкімі қала тұрғындары алдында есеп беруде
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Конгресс-Холл сарайында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың халық алдында есеп беру кездесуі басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қала әкімі елорданың 2008 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қорытынды жасай келе, есепті кезеңнің өзіндік маңыздылығын атап көрсетті және әлемдік қаржы дағдарысы қала экономикасына да елеулі әсер еткенін айтты. «Дегенмен, біз қаланың әлеуметтік-экономикалық даму балансын ұстап тұра алдық. Макроэкономикалық көрсеткіштер соның дәлелі. Өткен жылы Астанада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2007 жылмен салыстырғанда 84,1 пайызды құрады. Шығарылған өнім көлемі, жұмыс және қызмет көрсету көлемінің аздап төмендеуіне қарамастан, бюджетке салық түсімдері ретінде 496 млрд. теңге қаржы құйылды», деді әкім. Әкіммен кездесуге барлығы 1600-ден астам адам жиналды. Олардың ішінде мектепке дейінгі мекемелерден бастап, жоғары оқу орындарының басшылары, тұрғын үй -коммуналдық, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және басқа да қалалық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудандардың әкімдері, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары бар.Естеріңізге сала кетейік, Елбасының 2005 жылғы тапсырмасына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын өз басқаруындағы тұрғын аумақтың тұрғындары алдында есеп беру кездесулерін өткізіп келеді.