Елордада 2,5 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды

АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Нұрлан Таттыбаев «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңының жүзеге асырылу барысы туралы айтты.

Елордада 2,5 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды
Фото: Kazinform; Pixabay

Елордадағы Коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында сөйлеген сөзінде Нұрлан Таттыбаев аталған заңның 2023 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енгенін, қазіргі таңда Астана қаласында соттан тыс банкроттық рәсімі аясында 2 545 азамат банкрот деп танылғанын жеткізді. 

Оның айтуынша, талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты 11 227 адамның өтініші қанағаттандырылмаған, 154 өтініш беруші өз арыздарын қайтарып алған, ал 298 өтінішті көрсетілетін қызметті беруші тоқтатқан. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам өтініш қаралып жатыр. 

Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері сирек қолданылуда: 764 өтініштің ішінде 86 азамат сот шешімімен банкрот деп танылса, 408-іне заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылған. Қалған істер қаралу сатысында немесе іс жүргізусіз қалдырылған. 

Спикердың сөзінше, заңның басты мақсаты – тек қана қарыздарды есептен шығару емес, сонымен қатар азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, кредиторлар қысымын төмендету және қарыздарға саналы көзқарасты қалыптастыру.

2024 жылғы тамызда азаматтардың банкроттығы туралы заңнамаға алғашқы түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер заңды қолдану барысында анықталған олқылықтарды жоюға бағытталған. Атап айтқанда: 

Қарыз сомасы 1 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) төмен болған жағдайда, мерзімі өткен берешек ретінде есептелмейді. Қарыз коллекторлық агенттікке берілген болса, мерзім соңғы төлем жасалған күннен бастап есептеледі. Тұрақты табысы бар азаматтар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін мүлікке иелік етпей-ақ бастай алады.

Борышкер төлем жоспары бекітілгеннен кейін шетелге еркін шығуға құқылы. Қаржылық басқарушы несие берушілерден өтініш болмаса да, олардың реестрін құруға міндетті. Сыйақы рәсім толық аяқталғаннан кейін ғана төленеді. Қаржылық басқарушы мен борышкер арасындағы мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған құқықтық нормалар енгізілді.

Қазіргі уақытта Мәжілісте азаматтардың банкроттығына қатысты заңнамаға жаңа өзгерістер қаралуда. Олар рәсімдердің тиімділігін арттырып, борышкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Атап айтқанда:

1. «2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қарыздарға қатысты берешекті реттеу талаптары алынып тасталады. Бұл несие берушімен байланысу мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін маңызды жеңілдік.

2. Соттан тыс рәсімді борышкер кез келген кезеңде өз еркімен тоқтата алады. Қазіргі заңнамада мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.

3. Қаржылық басқарушының өкілеттіктері заң жүзінде нақты айқындалады. Бұл құқықтық түсініксіздіктер мен даулы жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді.

4. Банкроттықтан кейін барлық міндеттемелер толық тоқтатылады, тіпті олар кредиттік бюро базасында көрсетілмесе де.

Нұрлан Таттыбаевтың айтуынша, қабылданған түзетулер банкроттық рәсімін бұрынғыдан да түсінікті, әділ әрі қолжетімді етеді. Бұл азаматтар үшін қарыз жүктемесінен құтылудың нақты мүмкіндігі, ал мемлекет үшін – халықтың шамадан тыс кредит алуын реттейтін тиімді құрал.

Жаңа заңнамалық өзгерістер 2025 жылдың соңына дейін күшіне енеді деп күтілуде. Бұл қиын қаржылық жағдайда қалған азаматтарға тұрақты және жүйелі құқықтық қолдау тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Соттан тыс банкроттық рәсіміне өтінімді eGov.kz порталы арқылы онлайн беруге болады. Ол үшін ерлі-зайыптылардың бірінің келісімі қажет. Аталған рәсімді қайта қолдану мүмкіндігі тек жеті жылдан кейін беріледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда банкрот атанған азаматтардың саны 4 мыңнан асқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар