Елордада 5500-ден астам бос жұмыс орны бар

«Бүгінде елордада 5500-ден астам бос жұмыс орны бар. Орталықтың әлеуметтік желілердегі парақшасы күн сайын жаңартылып, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де бос жұмыс орындары жарияланады. Азаматтарды жұмыспен қамту аясында «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы бойынша бір жылға жұмысқа орналасуға болады. Жалақы көлемін жұмыс беруші белгілейді және жартылай «Мансап» орталығы жабады. Қазіргі уақытта 300-ден астам адам жұмыспен қамтылды», - деді Олжас Омар қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қалада бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өтеді.
«Біздің орталық бос жұмыс орындары бойынша жиі жәрмеңкелер ұйымдастырып тұрады. Жыл басынан бері 27 рет жәрмеңке өтті. Бос орындар жәрмеңкелеріне 50-ден астам жұмыс беруші қатысады. Екі сағат ішінде жұмыссыз бірнеше компанияны аралап, сұхбаттаса алады. Кезекті жәрмеңке елордада 24 тамызда сағат 14.30-дан 17.00-ге дейін «Жастар сарайында» Республика даңғылы, 34 мекенжайында өтеді», - дейді ол.
Бұған дейін астаналық жастарға 2,5 пайызбен 5 млн-ға дейін несие берілетіні туралы хабарлаған едік.