Елордада абаттандыруға салғырт қараған 30-ға жуық ПИК-ке айыппұл салынды

«Елорданың «Байқоңыр» ауданы аумағында барлығы 119 пәтер иелері кооперативі орналасқан, олар 446 тұрғын үйге қызмет көрсетеді. Аудандық Полиция басқармасынан пәтер иелері кооперативімен бірлесіп жұмыс істеуге жауапты 39 қызметкер бекітілген. Бұл жұмыс әдісі азаматтарға полициямен байланыста болуына және тез арада жүгінуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, халық, полиция және тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ұйымдармен байланыс алға қойылды», - деді Қайрат Төлепов баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, Полиция департаментінің өкілі өз жұмысына жауапсыздықпен қарайтын ПИК қызметіне қатысты сөз қозғады.
«Ауданымызда ПИК (пәтер иелері кооперативі) тарапынан абаттандыру ережелерін сақтамау мәселесі маңызды болып қалуда. Бұған дәлел олардың жұмысының ақсауы. Атап айтқанда, тұрғын үйлер мен оған іргелес орналасқан ғимараттар аумағында қатты-тұрмыстық қалдықтардың жиналып қалуы, құрылыс және ірі көлемдегі қоқыстардың уақтылы және тиісті деңгейде жиналмауы, үйлердің қасбеттеріне күтімнің жасалмауы, яғни сынған тақтайшалар, шынылар, түрлі хабарландырулар және тұрғын үйлердің кіреберісі тазартылмаған. Одан бөлек, арнайы хабарландыру тақталары мен қоқыс жәшіктерінің болмауы да бар. Осы орайда жыл басынан бері 29 ПИК өкілдері жауапқа тартылып, 430 мың теңгеге жуық айыппұл салынды», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордалық полицейлер тәулік ішінде 100-ге жуық қылмыстың бетін ашты.