Елордада әрбір екінші қылмыс бейнекамера көмегімен ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада бағдаршамдардың 40%-ы автоматты режимде жұмыс істейді. 2026 жылы бұл көрсеткіш 82%-ға жетеді. Қаладағы жаңашылдықтар туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтып берді. 

Елордада әрбір екінші қылмыс бейнекамера көмегімен ашылады
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Астана әкімінің сөзінше, қаланың интеллектуалды көлік жүйесі белсенді дамып келеді. 2027 жылға қарай қалада көлік басқарудың үздік әлемдік тәжірибеге сай толыққанды жүйесі құрылмақ. 

– Қалада Presight AI компаниясымен бірлесе Smart City жобасы іске қосылды. Қауіпсіздік пен жылдам әрекет ету үшін бейнеаналитикасы бар 20 мың камера орнатылып жатыр. Қазір әрбір екінші қылмыс бейнекамералар арқылы ашылады, - деді Ж. Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. 

Интеллектуалды көлік жүйесі мен SMART city қаланы басқарудың цифрлық платформасына кіреді. Бұл тұрғындар жолдардағы жүктемені азайта отырып, ыңғайлы, жылдам және қауіпсіз қозғала алатын экожүйені жасақтауға мүмкіндік береді. 

Өз кезегінде Жеңіс Қасымбек Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі алдағы 1-2 айда іске қосылатынын тілге тиек еткен еді. 

Қараша айында елордадағы халық саны 1,6 миллион адамнан асты. Бұған дейін Жеңіс Қасымбек қаланың инфрақұрылымы қалай жетілдірілетінін айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар