Елордада былтыр 500 адам туберкулезге шалдыққан
АСТАНА. KAZINFORM — Науқастардың ем-домы 1-2 жылға жалғасады. Бұл жөнінде Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық көпсалалы фтизиопульмонология және ішкі аурулар орталығы» ШЖҚ МКК директоры, штаттан тыс бас фтизиатр Анна Цепке қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
— 2025 жылы 400 азамат туберкулезге алғаш рет шалдықты. Ал 100 кісі бұрын аталған дертке шалдығып, емделген. Былтыр туберкулезбен қайтадан ауырды. Жалпы, бұл аурумен елордада жылына 500-530 адам сырқаттанады. Олар 1-2 жыл емделеді, — деді А. Цепке.

Сондай-ақ мамандар 2025 жылы Астана халқының туберкулезбен ауыру көрсеткіші 24,5 пайызға төмендегенін айтты.
— Туберкулездің алдын алу, ерте анықтау және тиімді емдеуге бағытталған кешенді жұмыс жүзеге асырылып келеді. Аталмыш шаралар нақты нәтиже беріп жатыр. Мәселен, 2025 жылы Астанада туберкулезбен сырқаттану деңгейі 24,5%-ға, ал аурудың таралу көрсеткіші 22%-ға төмендеген. Бұл туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанын көрсетеді, — деді Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Фарида Төлешова.

Айта кетейік бұған дейін елімізде туберкулездің алдын алу айлығы жүріп жатқанын жазғанбыз.