Елордада қатты жел: тәулік ішінде 100-ден аса жол апаты болды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Полиция департаменті ауа райының нашарлауына байланысты азаматтарды жолда мұқият болуға шақырады.
«Өткен тәулікте елордада 110 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жүргізушілерден өте мұқият болуды, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды және автомобильдер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтауды, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өтетін жерде жылдамдықты алдын ала төмендетуді сұраймыз», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерді де абай болуға шақырып отыр.
«Жолдан өткен кезде көліктердің тоқтағанын күтіңіз. Жол қозғалысы қағидаларын сақтау, өміріңізді сақтаудың кепілі», - дейді Полиция департаментінен.
Бұған дейін қатты желден елордаға қандай залал келіп жатқанын жазған едік.
Қолайсыз ауа райынан қаланың бірнеше ауданы жарықсыз қалды.
Сондай-ақ, бүгін Астанада бірінші ауысымда 0-7 сынып оқушылары онлайн форматта оқыды, сонымен қатар екінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары үйден білім алды.