Елордада Қазақстан — Қытай дәстүрлі медицина орталығы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада қытайдың дәстүрлі медициналық әдістері арқылы емдейтін орталық есігін ашты.

Дәстүрлі медицина орталығының негізгі емдеу бағыттары:
* аутизм, ДЦП, ЗПРР, ЗРР және басқа да неврологиялық бұзылыстары бар балаларды кешенді
жүргізу;
* инсульт пен жүйке жарақаттарынан кейінгі оңалту;
* омыртқа, буын ауруларын және созылмалы ауырсыну синдромдарын емдеу;
* ұйқының бұзылуы, мазасыздық және созылмалы шаршау жағдайларын түзету;
* аллергиялық, иммундық және тері ауруларына кешенді қолдау көрсету.

Астанадағы Сиань клиникасы 2023 жылдан бастап пациенттерді қабылдай бастады, бүгін жаңа ғимаратқа көшіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, медициналық көмекті жоғары білікті дәрігерлер, соның ішінде Қытайдан келген мамандар көрсетеді. Ерекше назар халықаралық команданың үйлесімді жұмысына аударылады. Қытайлық дәрігерлермен қатар, ҚХР-да оқудан өткен қазақстандық мамандар да қызмет атқарады. Олар еліміздің денсаулық сақтау жүйесімен тұрғындардың менталитетін жақсы білетін жергілікті кәсіби мамандар.

— Жаңа орталық ғимараты 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ашылып отыр, барлық қатысып отырған баланы мерекемен құттықтаймын. Қытай мен Қазақстан — таулар мен өзендер арқылы байланысқан, тату көрші, дос әрі әріптес ел. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен төраға Си Цзиньпиннің жетекшілігімен Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік жаңа серпінге ие, — деді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов орталықтың ашылу салтанатында.
Оның айтуынша, Қытай мен Қазақстанның дәстүрлі медицина орталығы Шэньси өлкесінің Халық үкіметінің Сыртқы істер басқармасы мен Шэньси провинциясының дәстүрлі қытай медицинасы басқармасының басшылығымен жұмыс істейді.

Сиань қаласындағы ми ауруларын емдеуге арналған дәстүрлі қытай медицинасы ауруханасы мен Қазақстандағы «Сиань клиникасы» компаниясы бірлесіп салған. Шэньси мен Қазақстан арасында ауыл шаруашылығы, энергетика, логистика және басқа да сала бойынша ауқымды ынтымақтастық орнаған.
— 2023 жылы Шэньси өлкесінің Сиань қаласында Қытай — Орталық Азия саммиті өтті. Саммит барысында мемлекет басшылары достық қарым-қатынасты одан әрі тереңдету, экономикалық және сауда байланысын кеңейту, ғылым, білім және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту арқылы Қытай мен Орталық Азияның ортақ тағдыр қоғамдастығын бірлесіп құруға үлес қосу жөнінде маңызды консенсусқа қол жеткізді. Бір ай бұрын Сиань қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің сегізінші отырысы өтті. Мен Қазақстан делегациясын бастап, Сианьдағы отырысқа қатыстым. Онда төтенше жағдайлар медицинасының дамуы, медициналық көмекті жетілдіру, денсаулық сақтау саласындағы цифрлық технологияларды пайдалану және дәстүрлі медицинаны ілгерілету сияқты негізгі тақырыптар талқыланды. Біз Қытай мен Қазақстанның дәстүрлі медицина орталығының дамуы азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, «Салауатты Жібек жолын» қалыптастыруға ықпал етеді деп үміттенеміз, — дейді министрдің орынбасары.

Айта кетсек, елімізде дәстүрлі медицина әдістерін регламенттейтін стандарт әзірленеді.