Елордада қазақтың байырғы өмір салтын паш ететін көрме ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – «Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» атты көрмеге суретші-шебер, зергер, реставратор Ерғазы Исатаевтың 90 туындысы қойылған.

сауыт
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Жәдігерлер тері, сүйек, темір, жез, ағаш т.б. материалдардан жасалған. Қару-жарақ түрлері, ыдыс-аяқтар, тұрмыстық бұйымдар, әрқилы құралдар, бесік, ошақ т.б. заттар көрме қонақтарын бір сәтке көшпелі ғұмыр кешкен дәуірге апарғандай болды.

әбзелі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Әсіресе, жылқы мүсіні көпшіліктің назарын аударды. Ондағы ат әбзелдері – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы б.з.д. VII-VI ғасырларға тиесілі Талды-2 қорымынан табылған бұйымдардың реставрациясы.

– Бұл жұмысты екі айда жасадым. Алдымен пластмассадан аттың қаңқасын дайындадым. Содан соң, жылқыны сойып, терісін, тұяғын, құлағын, жалын, құйрығын осы мүсінге кигіздім. Тері ішінен тұздалғандықтан, бұзылмай, сақталады. Ал Талды-2 обасынан табылған түпнұсқа ер-тұрман мен ат әбзелдері, негізінде, алтын болған. Реставрациясында біз алтын түстес бояумен боядық, – деді Е.Исатаев.

қамшы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Сондай-ақ XVIII-XIX ғасырларда батырлар киген сауыттың реконструкциясына да көрме қонақтары айрықша мән берді.

Исатаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Кіреуке мен дулыға өте күрделі технологиямен жасалды. Төс тұсындағы оқ өтпейтін болат шарайнаға өрнек салу өте қиын шаруа. Ал ұсақ-ұсақ темір шығыршықтарды бір-біріне кигізіп, беренді өру – шұқыма жұмыс. Өнердегі 50 жыл ішінде ең ұзақ уақыт алған туындым – осы. Бір жылда дайындадым. Қазақстанда мұндаймен 1-2 шебер ғана айналысады. Өйткені сауыт жасау асқан ыждағат пен табандылықты талап етеді, – дейді көрме авторы.

ұлттық мұра
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Айта кетейік Ерғазы Исатаевтың бұған дейін ондаған көрмесі ұйымдастырылған. Жұмыстары Франция, Кувейт, Оман, Түркия, Ресей тәрізді шетелдерде де қойылған.

ұлттық мұра
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ал бұл көрмесі Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде 20 сәуірге дейін ашық болмақ.

мұра
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Еске салайық бұған дейін «Аттың жалында» деген атаумен өнер көрмесі өткенін жазғанбыз.

мұра
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Исатаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
көрме
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
мұра
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Исатаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Соңғы жаңалықтар
Референдум