Елордада көлік саны 10%-ға өсті: кептеліс мәселесі қалай шешілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасы автокөліктер санының өсуі жол кептелісінің негізгі себебі екенін мәлімдеді.Басқарма басшысы Асхат Қарағойшин қаладағы жол кептелісінің көбейгенін растады.
Оның айтуынша, биылғы тоғыз айда автокөліктер саны 10%-ға артқан, бұл соңғы үш жылдағы өсімнен асып түседі.
- Кептеліс – мегаполистердің барлығына тән проблема. Елорда да қарқынды дамып, күн сайын кеңейіп, тұрғындарының саны артып келеді, – деді Қарағойшин.
Қала әкімдігі көлік жүктемесін азайту үшін қоғамдық көлікті дамытуға басымдық беріп отыр. Әсіресе қоғамдық көлік қозғалысын жеделдету және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау басты назарда. Қазіргі уақытта астаналықтардың 40%-ға жуығы қоғамдық көлікті қолданса, бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу жоспарланған.
Басқарма өкілі Астанада кептелістен құтылу үшін түрлі мекемелерде жұмыс уақытын өзгерту бастамасы қандай нәтиже бергенін айтып берді.
- Жедел нәтижелерді бірден күтуге болмайды. Таңертең жұмыс басталу уақытын өзгерту арқылы қозғалысты жеңілдетуге тырыстық, алайда кешкісін тұрғындардың көпшілігі үйлеріне қайтатындықтан кептеліс қайта пайда болады. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, автобустар саны артты. Айтарлықтай нәтижені алдағы екі жылда көреміз, – деді басқарма басшысы.
Бұған дейін Астана қалалық мәслихаты тұрғылықты және уақытша тұру орны бойынша жаңа тіркеу нормасын бекіткенін хабарлаған едік. Енді әрбір 15 шаршы метр пайдалы тұрғын алаңына бір адамнан артық тіркелуге рұқсат етілмейді.