Елордада жасөспірімдер төбелесті
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде екі баланың төбелесінің видеосы тарады. Қазір кәмелетке толмағандардың жанжалын полиция қарап жатыр.

Тәртіп сақшылары тексеру барысында баланы ұрған 10 жастағы жасөспірімді анықтады.
- Жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілік жасына толмауына байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық іс қозғау мүмкін емес. Соған қарамастан, заңда көзделген шаралар қабылданды. Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі бала тәрбиесі міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деген хабар алдық қалалық Полиция департаментінен.
Полицияның баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған оқиға бойынша қосымша шара қабылдау үшін материалдар балалардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды.
- Сонымен қатар жасөспірім профилактикалық есепке қойылды. Профилактикалық есеп – полиция тарапынан қатаң бақылау, тұрақты әңгімелесу, педагог, психолог және әлеуметтік қызметшімен жеке жұмыс жүргізу. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда қатаң шаралар қолданылады, - делінген хабарламада.
Осы орайда Астана қаласы Полиция департаменті ата-аналарға ескерту жасайды.
- Кәмелетке толмаған баланың тәртібіне тиісті бақылаудың болмауы және ата-ананың әрекетсіздігі – құқықбұзушылыққа апаратын тікелей жол. Бұл үшін заңмен жауапкершілік көзделген, - дейді полициядан.
Жақында Қосшыда екі мектеп мұғалімінің төбелескені жайлы жазған едік.
Сондай-ақ Маңғыстауда мектеп оқушылары төбелесіп, бір бала ауруханаға түсті.