Елордадағы бүлдіршіндерге арналған Президенттік шыршаға 200 бала қатысты

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында бүлдіршіндерге арнап Президенттік шырша тойы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордадағы бүлдіршіндерге арналған Президенттік шыршаға 200 бала қатысты
Фото: Астана әкімдігі

Жаңажылдық бағдарламада қонақтар ауқымды интерактивті спектакльді тамашалады. Балалар басты кейіпкер Азаматпен бірге «Болашақта кім болу керек және қандай адам болу керек?» деген маңызды сұраққа жауап іздеді.

– Бүгінгі шырша «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр. Бұл бағдарламада балалар, ең бастысы, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды бойына көбірек сіңіреді. Қойылым жас ұрпақты адалдыққа, әділдікке және тазалыққа баулиды. Оқиғалар желісінен жас жеткіншектеріміз түрлі мамандық иелеріне құрмет пен заң мен тәртіпке бағынушылық қағидаларын жадына түйіп жүретін болады деген ойдамын. Театр сахнасында балалар өздеріне ұнайтын ертегілер мен мультфильмдерде оқып, көріп жүрген Таусоғар, Ер Төстік, және басқа да кейіпкерлермен кездеседі, - деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Оның айтуынша, жаңажылдық мерекеге елордалық 200 бала қатысты. Олардың қатарында оқуда жоғары жетістікке жеткен оқушылар, көпбалалы отбасы балалары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасынан шыққан бүлдіршіндер бар.

– Ұлымыз екеуіміз Президенттік шыршаға бірінші рет қатысып тұрмыз. Мен – «Особые праздники» қорындағы ерекше баланың анасымын. Балам – Руслан Ғизатов 13 жаста. Ол – кәсіби суретші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Аталмыш іс-шараға Астана қаласы әкімдігінен шақырту алғанымызға қуанамыз. Бүгінгі шыршаға келген балдырғандардың бәрі бақытқа бөленген шығар деп ойлаймын. Осындай тамаша күн сыйлағаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, - деді Астана тұрғыны Сәуле Мұхамеджанова.

Спектакльде заманауи визуалды эффектілер, би нөмірлері және залмен белсенді өзара әрекеттесу біріктіріліп, нағыз жаңажылдық ғажайып атмосфера көрініс тапты. Мереке соңында барлық балаға жаңажылдық сыйлықтар берілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанадағы Президенттік шыршаға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам бала қатысқанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар