Елордадағы жедел бригада сарбаздары әскери ант қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 5573 әскери бөлімінде жауынгерлер отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген тепсе темір үзер жігіттер 30 тәулік арнайы дайындықтан өткен. Енді олар бас қаламыздың тыныштығы мен көше тәртібін қамтамасыз етуге атсалысады.
Ұлттық Ұлан қатарында борышын өтеуге келген жас толымды құрама командирі генерал-майор Есжанов Аян Абдуғаниұлы құттықтап, қызметтерінен бағыт-бағдар берді. Іс-шара барысында алыс-жақыннан келген қауымға болашақ сарбаздардың оқу пунткінде бір ай бойы үйренген дағдылары көрсетілді.
Әскери элита қатарынан көрінетін құрмет қарауыл ротасының сарбаздары карабинмен дефиле көрсетсе, енді бірі қоян — қолтық ұрыстан үйренгендерін көпшілік қауымның назарына ұсынды. Ант қабылдау рәсімі дәл осылай өз жалғасын тапты.
Бұл күні маңызды сәтте балаларына қолдау білдіру үшін мыңнан аса туған-туыс, ата-ана жиналды. Ботагөз Алмұратова өз баласының Отан алдында ант беру рәсімін көру үшін Атырау қаласынан келген. Осы күні толқып тұрғанын жасырмаған ана әрбір баланың үйіне абыроймен оралуларына тілектес екендігін айтады.
Ботагөз Алмұратова (қатардағы Жолдас Ерсұлтанның анасы):
— Бүгін баламның ант-қабылдау рәсіміне келіп тұрмын, өте қуаныштымын. Баламды және әскери бөлім ұжымын осы айтулы күнмен құттықтаймын. Ұлымның осындай Елордамыз Астана қаласына, осы әскери бөлімге түскенінен өте қуаныштымын. Іс-шара ақяталған соң, баламды командирдің рұқсатымен белгіленген уақытқа дейін сыртқа алып шығамын.
Ал қатардағы Қазиханов Берікжанның анасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланының 5573 әскери бөліміндегі ант қабылдау рәсіміне осымен екінші рет қатысып отырғанын айтады. 2018 жылы үлкен ұлы да осы әскери бөлімге борышын өтеуге шақыртылыпты. Ата-ана бригада ұжымына алғысын жеткізіп, ұлының бұл жерден ер азаматқа тән барлық қасиеттерін бойына сіңіріп келетініне сенім білдірді.
Ипанова Меруерт (қатардағы Қазиханов Берікжанның анасы):
— Осы әскери бөлімшеге екінші рет келуім. Себебі, екінші ұлымды Отан алдындағы борышын абыроймен орындап келуге жібердім. Бүгін сарбаздар үшін маңызды күн, ал әрбір ата-ана осы сәтте толқып тұрғандарын байқауға болады. Мен де солардың қатарынанмын, ұлымды көруге асығып тұрмын. Ұлдарымыз нағыз ер азамат болып жетіліп, үйімізге аман-есен оралуларына тілектеспін.
Әскердегі сарбаздарға жүктелетін жауапкершіліктің жүгі салмақты. Қойылатын талап та жоғары. Бір ай уақыт ішінде жаңадан келген болашақ сарбаздар жас жауынгер курсынан өтеді. Олар темірдей тәртіп пен жауынгерліктің қыр-сырына үйренеді. Жаңа толым сарбаздары енді өздерінің бір жыл қызметтері барысында шыңдалған ер азамат болып шығады.
Қатардағы Қазиханов Берікжан:
— Мен қатардағы жауынгер Қазиханов Берікжан, Жетісу облысы Талдықорған қаласынан өз еркіммен әскер қатарына шақыртылдым. Бүгін мен үшін айтулы күн, ант қабылдадым, бәрі жоғарғы деңгейде өтті. Антыма берік боламын, әскери өмірің қиын да қызық сәттеріне төзімділік білдіріп, міндетімді орындаймын деген сенімдемін.
Ант қабылдамас бұрын еліміздің алыс-жақын аймақтарынан жиналған жауынгерлер әуел баста арнайы оқу пунктінде жаттығады, әскери өмірге бейімделіп, іштегі тәртіппен танысады. Ол жерде болашақ Ұландықтар мемлекеттік-құқықтық, саптық дайындық, жалпы әскери жарғы, күн тәртібін жаттап білімдерін жетілдіреді. Сонымен қатар жауынгерлік қызметке түсу дағдыларын, ату дайындық тәсілдерін, әскери техникалар мен атыс қаруларын меңгереді.
— Бүгінгі таңда 30 күндік дайындықтың нәтижесі ретінде жас сарбаздарымыздың ант қабылдау рәсімін көрсеңіздер болады. Бұл жауынгерлер Қазақстан Республикасының 22 аймағынан әскерге шақыртылған.Оқу пунктінде болашақ сарбаздарды әскери өмірдің қыр-сырын үйретеміз, алдағы уақытта қызметтеріне керегінің бәрін үйренеді. Әрбір сарбазбен жеке сұхбаттасамыз, тәртіпке, әскери өмірге дайындаймыз, — дейді Оқу пункті бастығының орынбасары подполковник Қазбек Мұратаев.
Жамбыл, Алматы, Ақмола, Түркістан, ОҚО, СҚО, ШҚО облыстарынан шақырылған 700-ге жуық жас сарбаз көпшілік алдында еліне ақтық демі қалғанша абыроймен қызмет етуге серт берді. Шара шымылдығы салтанатты шеруімен жабылды. Сапқа қосылған жас сарбаздар енді өзге әскери қызметшілермен қатарласа қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындайды.