Елордадағы халықаралық конференция Қазақстан-американ ынтымақтастығының 20 жылдағы қорытындысы мен келешегін саралайды

Конференция ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ Президенті үлкен Джордж Буштың шақыруымен 1992 жылы АҚШ-қа жасаған тұңғыш ресми сапарының 20 жылдығына орайластырылып, Қазақстан-американ стратегиялық әріптестігінің 20 жылдығына арналып отыр.
Конференцияның ұйымдастырушылары - «Назарбаев орталығы» мен Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігі.
Іс-шарада ядролық қаруды таратпау мен қысқарту, энергетикалық, сауда-экономикалық, технология салаларында, демократиялық құрылыс мәселелері, сондай-ақ аймақтағы қауіпсіздік салаларындағы Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығы дамуының жай-күйі мен келешегіне басты назар аударылады.
Осыған орай, «Назарбаев орталығының» директоры, ҚР Президенті жанындағы жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі Комиссияның төрағасы Қанат Саудабаевтың атап көрсеткеніндей, «конференцияның мақсаты - қауіпсіздік пен дамудағы 20 жылдық әріптестіктің қорытындысына қанағаттану ғана емес, оны бүгінгі жаһандық талаптарға жауап беретін сапалы жаңа деңгейге көтерудің жолдарын белгілеу. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы мамырдағы Вашингтонға сапарындағы Американы ашумен басталған Қазақстан-американ қарым-қатынасы тәуелсіздік жылдарында сенімсіздік пен «қырғи-қабақ соғыс» кезеңіндегі күдіктен шынайы стратегиялық әріптестікке дейін көтерілді».
Қазақстандағы АҚШ Елшісі Кеннет Фэйрфакс өз кезегінде: «осы конференция арқылы біз Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұзақ жылдарға созылатын айрықша стратегиялық әріптестікті атап өткелі отырмыз»,- деп мәлімдеді.
Конференцияда Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қапаров, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК президенті Владимир Школьник, «Ақжол» партиясының жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин және басқа да саяси, қоғамдық ортаның көрнекті өкілдері сөйлейді деп күтілуде.
Американдықтар тарапынан К.Фэйрфакс, Ресей мен АҚШ-тың Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту (СШҚ) жөніндегі жаңа шарты жөніндегі Екіжақты Консультациялық Комиссия мүшесі, АҚШ-тың ҚР-ндағы бұрынғы Елшісі Джон Ордвей, ҚР-дағы АҚШ-тың тұңғыш Елшісі Уильям Кортни, АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы директоры және «Назарбаев Университеті» Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Дэвид Меркель, «Шеврон» компаниясының атқарушы вице-президенті әрі вице-төрағасы Джордж Киркланд, «Карнеги» Қоры, «Мұрагер» Қоры мен «Джеймстаун» Қоры және т.б. АҚШ-тың ықпалды бірқатар орталықтарының жетекші сарапшылары сөйлейді деп күтіліп отыр.
Конференция аясында екі елдің әріптестік жылдарындағы өзара қарым-қатынасының дамуын айғақтайтын мұрағаттық фотоқұжаттар қойылған көрменің тұсауы кесіледі.
Конференцияның онлайн-режіміндегі таралымы www.nuclearsafeworld.org сайтынан беріледі.