Елорданың 2025 жылғы бюджеті бекітілді: 925 млрд теңге қайда жұмсалады

  АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының 2025 жылға арналған бюджеті бекітілді.

астана
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өтті. Алдағы жылдың бюджетін қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының міндетін атқарушы Айжан Түгелбаева таныстырды.

2025 жылы елорданың бюджеті 925 млрд теңгені құрайды, оның ішінде әкімдік көшелерді жарықтандыруға, тазалауға, көгалдандыруға және зираттарды күтіп ұстауға 107,5 млрд теңге жұмсауға шешім қабылдады. Одан бөлек, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстарға 22,4 млрд теңге жұмсамақ.

Коммуналдық шаруашылыққа бір жылға 20,9 млрд теңге бөлінеді. Ол ақшаға билік «Астана Тазалық» ЖШС үшін 26 арнайы техника сатып алып, ұзындығы 700 км жаңбыр суының кәрізіне қызмет көрсетіп, жаңа жаңбыр суының желілері мен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуы тиіс. Айта кетейік, өткен жылы коммуналдық қажеттілікке небәрі 5,8 млрд теңге бөлінді.

Энергетикаға 21,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл сома энергия өндіруші компаниялардың шығындарын субсидиялауды, жылу-энергетикалық және газ тасымалдау жүйелерін салуды жабуға тиіс. Сонымен қатар, 5 200 абонентті газбен қамтуды жоспарлап отыр және жылу энергиясын өндірудің 350 Гкал-ға арттыруды көздеп отыр.

Елордада құрылыс салуға 2025 жылы 57,1 млрд теңге жұмсалады, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 23 млрд теңгеге артық. Көбіне тұрғын үй, әлеуметтік және мемлекеттік нысандар салынады. Билік 44,4 мың шаршы метр тұрғын үй мен 6 мектепті пайдалануға беруге, жұмыс істейтін жастарға 1050 жалға берілетін пәтер беруге уәде етіп отыр.

Алдағы жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 76,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы жолаушылар тасымалын субсидиялауға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол төсеуге (13 км жол салынады және 8 км жөнделеді) жұмсалмақ.

Кәсіпкерлікті қолдауға алдағы жылы 15,6 млрд теңге қарастырылған.

Сәулет және қала құрылысы саласына 3,2 млрд теңге бөлінбек.

Коммуналдық мүлікті басқаруға 4,5 млрд теңге. 3 спорттық және 1 мәдени объектіні сенімгерлік басқару шығындарын өтейді.

Тұрғын үй саясатына 27,9 млрд теңге бөлінеді. Құрылыс салуға 19,2 гектар жер алынады, 333 тұрғын үй сертификатын беру жоспарланып отыр.

Полиция департаментінің қызметіне 32,3 млрд теңге, Төтенше жағдайлар департаментіне 3,5 млрд теңге, цифрландыру саласына 10,5 млрд теңге қарастырылған.

Қалалық орта сапасын бақылау 0,7 млрд теңге бөлінеді, бұл еңбекті қорғау, құрылыс және жер қатынастары саласындағы заңнаманы бақылауды қамтамасыз етеді.

Елорданың ішкі саясатына 6,8 млрд теңге көзделіп отыр. Аталған сомаға 5 ведомстволық бағынысты мекеме кіреді, олар мемлекеттік ішкі саясатты жүргізеді және жариялайды.

Айта кетейік, 4 желтоқсанда Президент «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум