Президент алдағы жылдардағы бюджет туралы заңды бекітті

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Ақорда
Коллаж: Kazinform/ Freepik

Бұған дейін хабарланғандай, Сенаттың жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы қаралды. 

Заң жобасына сәйкес 2025 жылға түсімдер осы жылмен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғая отырып, 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанды. 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде ескерілген, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді.

Бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары түсімдер мен тапшылықты ескере отырып, 25,8 трлн теңгені құрайды, яғни биылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып отыр.

Парламент Сенатында заңды талқылау барысында бірқатар ұсыныс енгізілді. Олар халықты таза сумен қамтамасыз ету, газдандыру жүйесін, жылу электр энергетикасын, көлік, инженерлік-коммуникация инфрақұрылымына, сондай-ақ «Ауыл - Ел бесігі» жобасын іске асыруға қосымша шығыстар көзделген

2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары осы жылға қарағанда 871 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі 38 пайызды құрайды. Бірінші басымдық – әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету. 2025 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар – индекстеу мен төлемдерді алушылар санының ұлғаюын ескере отырып, 6 трлн теңге сомасында қарастырылған.

Екінші басымдық – білім беруді дамыту. 2025 жылы бұл бағытқа шығыстар 1 трлн теңгеге жетті.

Денсаулық сақтау жүйесіне 2025-2027 жылдарға арналған шығыстар 7,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде биылмен салыстырғанда 188 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылға 2,5 трлн теңге қарастырылған. Жалпы, 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге сомасында шығыстар жоспарланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделген.

Ал 2025 жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджет шығыстары 141 млрд теңге, ал мәдениет пен ақпаратты дамытуға 165 млрд теңге көлемінде жоспарланған.

Кейін Мәжіліс үш жылдық бюджетке Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Сенат «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына жалпы сомасы 118,8 млрд теңгеге 135 түзету енгізді.

 

 

Соңғы жаңалықтар