Елуден асқан адамдар интернет алаяқтарына жиі алданады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан 900-ден астам киберқылмыс тіркелген. Олардың 150-і суытпай ашылған.

«Электр есептегішін тегін ауыстырып береміз»: Өскеменде алаяқтар жаңа әдіске көшті
Фото: freepik.com

Интернеттегі алаяқтыққа қатысты қылмыстық көрсеткіштер елімізде уақыт өткен сайын үдеп келеді. Мәселен 2022 жылы Павлодар облысында мұндай 404 дерек тіркелсе, биыл жыл басынан 900-дей адам қаскүнемдердің құрбаны болған. Мамандар елу жастан асқан адамдар құрыққа жиі түсетінін айтады.

Павлодар облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Медеу Бейсенбайдың айтуынша, бұрындары қылмыстық істер тізбесінде тонау, ұрлық деректері жиі тіркелсе, соңғы бірнеше жылда бұл тізімде киберқылмыс көш бастап тұр.

- Әлеуметтік мессенджерлер күрт дамығалы интернет алаяқтық одан қалысар емес. Ең көбі оlx.kz, krisha.kz, kolesa.kz сияқты жарнамалық-сатып алу платформалары мен қосымшаларда тіркеледі. Тауарға алдын ала тапсырыс беріп, ақшасын толық жіберіп қою деген теріс үрдіс қалыптасқан. Адамдар көбіне содан алданатынын байқаймыз. Әлеуметтік желіде ашылып жататын түрлі жарнамалық парақшаларын бақылау мүмкін болмай бара жатыр, - дейді маман.

Жақында облыс орталығында тұратын 20 жастағы қыз алаяқтың құрбаны болғанын айтып, құқық қорғау органына жүгінген. Ол Iphone маркалы қымбат телефонды арзанға саудалап отырған парақшамен байланыс орнатып, алдын ала толық төлем жүргізген. Парақша иесі келесі күні қызды бұғаттап тастайды, ал ақша қайтарылмаған. Сан соғып қалған сатып алушы өзінің алданғанын түсінеді. Алаяқтар жұртты алдап алған қаражаттарын көбіне дропперлердің шотына аударады екен. Дропперлер - алаяқтар ұрлаған қаражатты жасыруға және қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін адамдар. Олар көбіне жастар, студенттер. Белгілі бір банктен ашқан шотын алаяқтарға сатып жібереді немесе шотты пайдаланғаны үшін олардан комиссия алып тұрады. Ал әлгі шоттағы ақша көп ұзамай шетелдік өзге шоттарға аударылады. Жыл басынан Ертіс-Баян өңірі бойынша 20 дропперді анықталып, жазаға тартқан. Мамандар интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп отыратынын айтады. Былайша айтқанда, кибер-қылмыскерлер де уақыт талабынан қалмайды.

Тағы бір мысал, таяуда Павлодарда тұратын 60 жастағы зейнеткер өзінің өмір бойы банкте жинаған 40 млн теңгесін алаяқтарға оп-оңай аудара салған. Барлығы «Sim-картаның мерзімі аяқталуы» туралы әңгімеден басталып, қария телефонына келген құпия сөзді айтып қояды. Алаяқтар депозиттегі ақшасын үптеп болған соң зейнеткердің атындағы пәтерді де сатып жіберуге бекінеді. Қарияның өз пәтерін саудаға қойып жатқанын, айтқан сөздері біртүрлі көрінетінін байқаған риэлторлық ұйымның өкілдері полицияға хабарлаған. Полицейлер мән-жайды анықтай келгенде депозиттегі 40 млн теңгенің тағдыры да белгілі болады. Өзінің алданғанын зейнеткер сол сәтте ғана біледі. Қомақты соманы алаяқтар бір тиынын қалдырмай шешіп, әлдеқашан шетел асырып жіберген екен.

Қазір әлеуметтік желілерде жарнамасынан көз сүрінетін инвестициялық, биржалық жалған платформалар да көбейіп келеді. Жұрттың ақшасын ірі компанияларға құйып, аз уақытта бірнеше есе көбейтіп береміз дейтін қаскүнемдер көбіне «ҚазМұнайГаз», «Теңізшевройл», «Бәйтерек Инвест платформасы», «Kaspi Profit» деген платформаларды ұсынады. Қаржы салған адамға алғашқы күндері ақшаң көз ілеспес жылдамдықпен өсіп жатыр деп, жалған есептер жібереді. Ал шешіп аламын деген адамға салық, комиссия төле деп қосымша шығындар ұсынатыны ол бар. Мол олжаға кенелуді ғана ойлаған азаматтар ақыр-соңы ірі сомаға шығындалып, алданғанын түсінеді.

- Елу жастан асан адамдар алаяқтардың шырмауына жиі түседі. Ресми статистика да осыны айғақтап отыр. Біздің беретін ақыл-кеңесіміз - ең әуелі белгісіз нөмірден хабарласқан тұлғаларға жеке бас, банктік деректерді ұсынбаңыздар. Екіншіден, өздерін полиция, пошта, Ұлттық банктенбіз деп хабарласатындарға сенбеу керек. Бұл құрылымдардың ешқайсысы құпия сөз сұрамайды. Тәртіп сақшылары іздесе, үйіңізге өзі келеді. Үшіншіден, алдын ала тапсырыс беру, төлем жасау дегеннен абай болған абзал. Сауда жүргізетін жалған парақшаларды тұтынушылардың шағымы түспейінше анықтау мүмкін емес. Төртіншіден, жалған биржа, инвестициялық платформаларға ақша салмаңыздар. Алаяқтықтың жаңа түрлері күн сайын пайда болады. Жақында облыстағы бір мектептің ұстазы киберқылмыстың құрбаны болды. Мектеп директорының фотосуреті қойылған өзге бір ватсап-нөмірден жазып, «сізді полиция іздеп жатыр, нөміріңізді берейін бе» деп сұраған. Директордың суретін көрген соң мұғалім де сеніп қалған ғой, келісімін берген. Сөйтіп біраздан соң оған бөтен нөмірден әлдебіреу хабарласып: «Құқық қорғау органынанбыз, лаңкестік ұйым сіздің шотыңызға қаражат аударып жатқанын анықтадық. Бізге көмегіңіз керек, арнайы операция жүргізу керек», деп алдайды. Ақыр-соңы педагог алаяқтардың өз атына алған несиелерін өзге есепшотқа аударып жіберген. Мұндай жағдайлар аз емес, - деп түйіндеді сөзін маман.

Ең қызығы, қазақ тілді халық мол шоғырланған өңірлерде алаяқтардың құрбаны аз. Павлодар облысы киберқылмыс бойынша елімізде алғашқы бестікке енеді. Медеу Бейсенбайдың пайымынша, біздегі қылмыстың көбейіп тұруына өңір халқының басым бөлігі орыстілді болуына байланысты. Оңтүстік облыстармен салыстырғанда бізде қылмыстық деректер көп. Сондықтан өзіңіз танымайтын бөгде тұлғалардың телефон арқылы қойған ресми тілдегі сұрақтарына мемлекеттік тілде жауап берген көп жағдайда ұтымдырақ.

Бұған дейін алаяқтарға әйелдер жиі алданаты туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар