Емхана арқылы 1,6 млрд жымқырған: Алматы облысында бірқатар экономикалық қылмыстың беті ашылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысындағы бірқатар құрылыс жобаларында баға негізсіз жоғары қойылғаны анықталды.

Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Әсет Жаманбаевтың айтуынша, «ақшаның ізімен» қағидатын басшылыққа ала отырып тергеу - бюджет қаражатын мен квазимемлекеттік сектордың қаражатын ұрлау фактілерін ашуға мүмкіндік берген.
Атап айтқанда, облыста жеке медициналық ұйымның басшылығы 1,6 млрд теңге жымқырғаны анықталды. Ұйым аудандық ауруханалардың бірін және оның ауылдардағы амбулаторияларын сенімгерлік басқаруға алып, тұрғындарды жалған есептеу арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде бөлінген 1,6 млрд теңгені ұрлаған.
- Ұрланған қаражат бақылаудағы компаниялар арқылы ғимарат сатып алу, оны жөндеу және медициналық жабдықтар алу арқылы заңдастырылған. Осы арқылы басты күдікті медициналық орталық ашқан. Қазіргі уақытта тәркілеу мақсатында осы медициналық орталыққа және заңсыз табысқа сатып алынған 8 автокөлікке тыйым салынды, - деді Әсет Жаманбаев.
Сонымен қатар ол Талғар ауданы мен Қонаев қаласында бюджет қаражатын негізсіз жұмсауға жол берілмегенін атап өтті.
Оның айтуынша, Қонаев қаласында газбен жабдықтау желілерін салуға 132 млн теңге, ал Талғар ауданы Еламан ауылының газ құбыры мен газ тарату желілерін салу құнына 313 млн теңге негізсіз қосылған.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге 2,8 млн теңге айыппұл салынғанын жазғанбыз.