Эмманюэль Макрон Қарағанды облысында қаза тапқан шахтерлердің туыстарына көңіл айтты

Франция президенті Эмманюэль Макрон Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордадағы кездесу кезінде Қарағанды облысында қаза болған шахтерлердің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Kazinform.  

Эмманюэль Макрон  Қарағанды облысында қаза тапқан шахтерлердің туыстарына көңіл айтты
Фото: Ақорда

«Көп рақмет, Президент мырза, ханымдар мен мырзалар, құрметті министрлер, елші мырзалар. Бірінші кезекте, Президент мырза, жылы лебізіңізге, мені және делегацияны шақырғаныңызға рақмет. Тағы да өз халқымның атынан бірнеше күн бұрын Қарағандыда болған трагедия бізді де қатты қапаландырғанын айтқым келеді. Қара жамылып отырған отбасыларға тағы да көңіл айтқым келеді», - деді Эммануэль Макрон.

Еске салайық, Франция Президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Франция Президенті Эмманюэль Макронды қарсы алды.

Қазақстан мен Франция президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Макрон бұл сапар екіжақты серіктестік үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Франция – Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды серіктесі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Президент кездесу кезінде білім және ғылым саласындағы жобаларды қолға алуға ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді.

Эмманюэль Макрон қазақ мектептеріне француз тілін оқыту тәжірибесі қайта оралғаны маңызды екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі түрлі саяси шиеленістер мен экономикалық дағдарыстар елді алаңдатып отырғанына тоқталды.

Франция Президенті мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың франциялық үлгісі туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшыларының кездесуінен кейінгі қос елдің қарым-қатынасы қай бағытта дамуы мүмкін?

Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын.

Соңғы жаңалықтар