Ең бойшаң сарбаз теңіз жаяу әскерлерінде қызмет етеді

АҚТАУ. KAZINFORM — «Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бригадасында Қазақстан Қарулы күштері тарихындағы ең бойы ұзын сарбаз — Әлішер Назымбек әскери борышын өтеп жатыр. Оның бойы — 2 метр 9 сантиметр. 

Ең бойшаң сарбаз теңіз жаяу әскерлерінде қызмет етеді
Фото: Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінен

Әлішер Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Далабай ауылында дүниеге келген. Отбасындағы алты баланың бірі. Оның бойының ұзындығы нағашы атасынан дарыған көрінеді. Әлішер бала кезінен-ақ қатарластарынан ерекшеленіп, мектепте де, колледжде де көзге түсіп жүрген. Енді міне, әскер қатарында да өзінің даралығын байқатып жүр.

сарбаз
Фото: Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінен

Әскерге дейін ол Көкшетау жоғары көпсалалы азаматтық қорғаныс колледжін «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жастайынан спортпен айналысып, волейбол мен кикбокстан республикалық жарыстарда колледж намысын қорғаған. Осы сайыстарда ол тек күш-қуат дайындықты ғана емес, табандылығын да дәлелдей білді.

сарбаз
Фото: Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінен

Сарбаздың айтуынша, әскерге бару саналы әрі, көптен күткен шешімі болған.

— Бала күнімнен теңіз жаяу әскеріне баруды армандадым. Мұнда іріктеу қатал екенін білетінмін, бірақ спортпен шұғылданғанымның арқасында өзіме сенімді болдым. Қызметтен кейін әскери училищеге түсіп, офицер болғым келеді. Сондай-ақ, Құрмет қарауыл ротасына түссем деген де үмітім бар. Бойым ұзын болған соң, алар деген ойдамын, — дейді Әлішер.

сарбаз
Фото: Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінен

Теңіз жаяу әскерлерінде еліміздің ең шыдамды, ең мықты жігіттері қызмет етеді. Бұл бөлімде бұған дейін де Денис Балюк (бойы 2 м 8 см) пен Азат Мұхамеджанов (2 м 4 см) секілді бойшаң сарбаздар болған. Енді жаңа рекорд Әлішер Назымбекке тиесілі. Ол — Қазақстан Қарулы күштері тарихындағы бойы ең ұзын сарбаз атанып отыр.

Ақтау гарнизоны
Фото: Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінен

Бұған дейін, Сарбаздардың қауіпсіздігін Қорғаныс министрлігі видеоаналитика жүйесін енгізіп жатқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар