Ең жоғары балл жинаған ақтөбелік түлек ІТ маманы болуды армандайды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары балл жинаған Алпамыс Ақжол ІТ маманы болуды армандайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Ақтөбе облысы ҰБТ бойынша көрсеткішін жақсартты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, ең жоғары балды №53 орта мектеп түлегі Ақжол Алпамыс жинады.
«Ақтөбе облысы бойынша 6669 түлектің 5335-і тестілеуге қатысты. Орташа балл облыс бойынша 85,6 құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 3,2 балға және республикалық көрсеткіштен 2,6 балға жоғары. Аймақ бойынша ең жоғары 137 балды Ақтөбе қаласындағы №53 орта мектеп түлегі Ақжол Алпамыс жинады», - деді Ләззат Оразбаева.
Айта кетейік, Ақжол Алпамыс сынақты 23 маусым күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында тапсырды. Ол физика-математика бағытын таңдап, алдағы уақытта С.Демирель атындағы университетте ІТ мамандығын меңгеруді жоспарлауда.