Еңбек өтілі аз ғылым кандидатын басшылыққа тағайындаған шенеуніктер жазаланды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Алға ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Мусин еңбек өтілі жетпей, жаңа қызметке заңсыз тағайындалды. Комиссия құрамында болған барлық шенеунік жаңа басшының анкетасын қарамағаны үшін жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің облыстық Әдеп жөніндегі кеңесі кезектен тыс отырыс өткізді. Онда Алға ауданы әкімінің орынбасары Әнуарбек Қонжар, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және қаржылық жұмыстар бөлімінің басшысы Бауыржан Досымов және аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Ескендір Бекішке қатысты тәртіптік іс қаралды. Себебі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Мусин жаңа қызметке заңсыз тағайындалған. 2017 жылдың 3 шілдесі күні байқау жарияланып, бір ғана үміткер тіркелген және оның басшылық қызмет атқаруға 10 айлық еңбек өтілі жетпеген. Ал комиссия құрамында болған шенеуніктер алдына келген үміткердің еңбек өтілі туралы ақпаратты қарамай, сұраққа жауап алғандарын ғана айтты.
«Біз комиссия құрымында болғанда үміткерге сұрақ қойып, оған нақты жауап алған едік. Ал үміткердің еңбек өтілін қарап, тексеретін кадр жөніндегі бөлім болды. Себебі, бұған дейін Қайрат Мусин аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясын басқарды. Басшылық қызметті атқарған соң оның еңбек өтіліне күмән болмай, тексеру жүргізбедік. Әрі ол жоғары білімді, ветеринария ғылымдарының кандидаты», - деді аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Қонжар.
Айта кетейік, Әдеп кеңесі комиссия құрамында болған үш шенеунікті қызметіне толық сай емес деп ескерту берді. Егер шенеуніктер алты айда қайта қателік жасаса, қызметінен босатылады.