Еңбек стажы 616 жылдан асатын теміржолшылар әулеті рекордтар кітабына енді
Қазақстан рекордтары жайлы ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалыққа (ҚАэА) жаңа рекорд тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Хабар» телеарнасында Еңбек күніне орай тікелей эфирде өткен «Адал еңбек» телемарафонында еңбек стажы бас-аяғы 616 жылды құрайтын әулетке КИНЭС сертификаты берілді.
Еңбек күні аясында «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде ұйымдастырылған 4 сағаттық телемарафон Қазақстан рекордтары жайлы ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалыққа рекорд тіркеумен басталды.
Оған бүкіл еңбек өтілі 616 жылды құрайтын Тұқыбаевтар әулеті енді.
Теміржолшылар отбасының 27 мүшесі өмірін теміржолмен байланыстырыпты.
«Аталарымыз 1930-жылдары Түрксіб теміржолы құрылысына қатысқан. Содан бері біздің әулет темір жолда жұмыс істеп келеді. Бізге теміржол тарсылынсыз өмірді елестету қиын», - дейді әулеттің мұрағатын мұқият жинастырып, құжаттарды хаттап жүрген Құралай Маликриян.
«КИНЭС» рекордтар кітабына ерекше, бірегей адамдар кіреді.

«Және онда рекорд тіркелу үшін міндетті түрде құжаттармен делелденген болуы керек», - деген КИНЭС ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалыққа тіркелу шарттарын атап өтті.
Тұқыбаевтар әулетінің жиынтық еңбек өтілі 616 жылдан да көп болуы мүмкін. Алайда ресми құжаттармен дәлелденгені — осы.