Енді дрондар мен ЖИ заңсыз құрылыс нысандарын анықтайды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет салынып жатқан құрылыс нысандарын бекітілген бас жоспармен салыстырып, тексеру үшін дрондар мен ЖИ алгоритмдерін қолданбақ. «Қағаз хаосынан» цифрлық бақылауға көшу туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова айтып берді.
Оның айтуынша, негізгі цифрлық жобалардың бірі — Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі. Бұл құрал заңсыз тығыз құрылысқа жол бермей, бас жоспардан инженерлік желілерге дейінгі қала құрылысы туралы ақпаратты ашық әрі түсінікті етеді және жер учаскелерін берудің толық ашық болуына көмектеседі.
— Осы жылдың төртінші тоқсанында біз бірқатар пилоттық мемлекеттік қызметтерді — бастапқы жобалау деректерін беруден бастап алдын ала жобаларды үйлестіруге және техникалық сипаттамаларды беруге дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта жүйе толық өнеркәсіптік пайдалануға берілу үшін дайындалу сатысында, — деді Жәннат Дүбірова елордада Конгресс орталықта.
Одан бөлек, келесі жылдың басында цифрлық бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының орындалуын автоматты түрде бақылау үшін AI-Co-pilot жүйесін пилоттық режимде енгізу жоспарланып отыр. Дрондар мен жасанды интеллект алгоритмдерін қолдана отырып, нақты құрылыс бекітілген құжаттамамен салыстырылады және анықталған кез келген бұзушылықтар туралы Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына хабарланып отырады.
Бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов әлеуметтік осал топтарға баспана алуда қандай қолдау көрсетілгенін айтып берді.
Сонымен бірге, 2026 жылдың басында Қазақстанда жоспарлау мен жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі құрылыс объектілерін сүйемелдейтін бірыңғай портал іске қосылады.