Энергетик еңбегіне көрсетілген жоғары құрмет
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика саласы — ел экономикасының тұрақты дамуы мен ұлттық қауіпсіздігінің негізгі тіректерінің бірі. Өнеркәсіптің, инфрақұрылымның, әлеуметтік саланың үздіксіз жұмыс істеуі электр энергиясының сенімді әрі тұрақты берілуіне тікелей байланысты, деп хабарлайды KEGOC компаниясының баспасөз қызметі.
Сондықтан бұл салада еңбек ететін әрбір маманның жауапкершілігі ерекше, ал олардың маңдай терімен атқарған еңбегі мемлекет үшін аса құнды. Осы тұрғыда KEGOC компаниясы адам капиталын басты құндылық деп санайды. Компанияда өз ісіне адал, тәжірибесі мол, кәсіби білікті мамандар еңбек етеді. Солардың бірі — «Сарыбай аймақтық электр торабы» филиалына қарасты 220 кВ «Тобыл» қосалқы станциясында қызмет атқаратын электр дәнекерлеуші Фазылбек Қайлеұлы Бекмағанбетов.
Фазылбек Қайлеұлының еңбек жолы қарапайым тракторшы мамандығынан басталды. Кейін электромонтер ретінде кәсіби жолын жалғастырып, жылдар бойы тәжірибе жинақтады. 1997 жылдан бастап KEGOC жүйесінде қызмет етіп келеді. Бүгінде ол жоғары кернеулі жабдықтарды жөндеу ісінің шебері, өз ісін терең меңгерген, әріптестері арасында зор құрметке ие маман.

Фазылбек Бекмағанбетов жоғары кернеулі ажыратқыштар мен коммутациялық жабдықтарды жөндеу, баптау және тексеру жұмыстарын жоғары деңгейде атқарады. Сонымен қатар, ол жас мамандарға тәлімгерлік жасап, өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп келеді. Ұжымдағы тұрақтылық пен өндірістік үдерістердің үздіксіз жүруіне қосқан үлесі зор.
Дәл осындай еңбек адамдарының арқасында еліміздің электр энергетикасы берік негізде дамып келеді. Энергетика — тек техника ғана емес, бұл — жауапкершілік, тәртіп және адам еңбегінің нәтижесі.
Жақында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні мен кәсіби мереке — Энергетиктер күні қарсаңында Фазылбек Қайлеұлының көп жылғы адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.
— Бұл марапат — мен үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар, бұл — үлкен жауапкершілік. Еңбегіңнің еленуі алдағы уақытта да аянбай еңбек етуге, саланың дамуына үлес қоса беруге жігерлендіреді, — дейді марапат иесі.
Фазылбек Бекмағанбетов сынды еңбек адамдары — ел энергетикасының сенімді тірегі. Осындай кәсіби мамандар барда Қазақстанның энергетикалық жүйесі тұрақты, экономикасы мығым болары сөзсіз.