Энергетика министрі электр станцияларын жөндеу мерзімдерін орындамаған өңірлерді атады

«Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі мақсатында энергетикалық кәсіпорындарды күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындау жалғасып келеді. Жүйелік оператор бекіткен графикке сәйкес, электр станцияларында 4 энергоблокта, 25 қазандықта, 23 турбинада жөндеу аяқталды. Ал 4 энергоблокта, 27 қазандық пен 16 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі сатыларда», - деді Б. Ақшолақов.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша жылу беру кезеңіне орталықтандырылған жылумен жабдықтау бағытында 487 қазандықты дайындау үшін 1 073 нысанға жөндеу жүргізілді. Бұл тұрғыда жоспардағы нысандардың 90 пайызы қамтылды.
«Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 20 201 км электр энергиясын тарату желілерін, сондай-ақ 712 жоғары вольтты кіші станцияларды жөндеу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 14 047 км электр энергиясын тарату желілері мен 331 кіші станция жөнделді. Бұл жылдық жоспар аясында желілер бойынша тиісінше 70 пайызды және кіші станцияларға қатысты 46 пайызды құрады. Электр энергиясы желілерін жөндеу бекітілген кестеге сәйкес аяқталып келеді», - деді министр.
Оның айтуынша, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу мерзімдері сақталмаған.
Бұдан басқа, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында күрделі жөндеу жқмыстары 2023 жылға ауыстырылды.
«Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, энергия кәсіпорындарының алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығына тұрақты бақылауды жүзеге асырады. Осы орайда электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау жөнінде шаралар қабылдайтын болады», - деді ведомство басшысы.