Энергетика министрлігі жылу маусымын бақылауға арналған жаңа цифрлық сервисті іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі 2025-2026 жылғы күзгі-қысқы кезеңнің өтуіне мониторинг жүргізуге арналған жаңа цифрлық сервисті сынақ режимінде іске қосты.

Жаңа сервис «Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» (EnergyTech) аясында әзірленген және ол ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның тапсырмасына сәйкес қолданысқа берілді.
Сервистің негізгі қызметтері:
-
генерация және энергия тасымалдау объектілерінің цифрлық паспорттары мен олардың техникалық жай-күйі туралы мәліметтер;
-
энергия ресурстарын автоматтандырылған есептеу жүйелерінен деректерді онлайн режимде жинау және визуализациялау;
-
аналитикалық дашбордтар құру және нақты уақыт режимінде оқиғалар туралы хабарламалар алу;
-
ақпараттық қауіпсіздік пен қолжетімділікті шектеу талаптарын сақтау.
Министрліктің мәліметінше, жаңа сервис EnergyTech жүйесінің негізгі құрамдас бөлігіне айналады. Бұл жүйе отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялау картасы аясында әзірленіп, саладағы мемлекеттік функциялар мен қызметтердің бірыңғай цифрлық экожүйесін құруды көздейді.
Платформа:
-
энергетикалық ресурстарды тиімді басқаруға,
-
қолданыстағы ақпараттық жүйелерді интеграциялауға,
-
бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, аталған сервис «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Жоба аясында Энергетика министрлігіне саладағы кешенді цифрландыру бағдарламасын әзірлеу және іске асыру міндеті жүктелген.
Айта кетейік, Ақтауда 1 тамыздан бастап су, жылыту және кәріз тарифтері өзгереді.