Германияда электромобиль нарығын қытайлық өндірушілер жаулап барады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы қазанда Германияда 94 мыңға жуық жаңа электромобиль тіркелді. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 80%-ға көп, деп хабарлайды Kazinform DW-ге сілтеме жасап.
Германияның Федералдық көлік басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы қазанда елде 254,5 мыңға жуық жаңа жеңіл автокөлік тіркелген. Оның 94 мыңға жуығы — толықтай электр қуатымен жүретін көлік.
Ал іштен жану қозғалтқышы бар автокөліктерге сұраныс төмендеген. Қазанда мұндай көліктердің тіркелген саны шамамен 62,4 мың болған.
Электромобильдердің танымал болуына жанармайдың қымбаттауы және 2026 жылғы мамырда іске қосылған мемлекеттік субсидия бағдарламасы әсер еткен.
Сұраныс артқанына қарамастан, бұл үрдістен негізінен шетелдік автокөлік өндірушілері пайда көріп отыр.
Әсіресе, Қытай компанияларының көрсеткіші жоғары. EY консалтингтік компаниясының дерегінше, Германияның электромобиль нарығындағы қытайлық өндірушілердің үлесі 5,2%-дан 8,4%-ға дейін өскен.
Ал неміс автокөлік өндірушілері электромобиль нарығындағы үлесінен айырылып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Берлин мен Париж Еуропаның жаңа көліктерге қоятын климаттық талаптарын қайта қарау бойынша бірлескен жоспар жөнінде келісімге келгенін хабарлағанбыз. Оған сәйкес, автоөндірушілер жаңа көліктерінің орташа CO₂ шығарындысын 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 90%-ға төмендетсе жеткілікті, ал қазіргі ЕО ережелері 100%-ға төмендетуді талап етеді.