Энергия нысандарын жөндеуге бөлінген қаражаттың игерілмеуіне жол беруге болмайды – Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика нысандарын жөндеу науқанын уақтылы аяқтау үшін жұмыс қарқынын арттыру қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
- Мемлекет басшысы инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымның стратегиялық маңызын, сондай-ақ еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту қажеттігін әрдайым атап өтеді. Аталған мақсаттарға жыл сайын ауқымды қаражат бөлінеді. Биылдың өзінде энергия нысандарын жөндеуге және жаңғыртуға 851 миллиард теңге көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 60 пайызға артық. Оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында биыл шамамен 384 миллиард теңге бөлінді. Бұл 2025 жылғы жөндеу науқаны аясында бөлінген қаражаттан 15 пайызға көп. Осындай көлемдегі қаржыландыру жағдайында жөндеу мерзімдерін ауыстыруға, жұмыс қарқынын бәсеңдетуге және бөлінген қаражаттың игерілмеуіне жол беруге болмайды, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр жылыту маусымының басталуына шамамен бір ай уақыт қалғанын, солтүстік өңірлерде дайындық жұмыстарын аяқтау мерзімі бұдан да шектеулі екенін ескертті.
- Сондықтан жөндеу науқанын уақтылы аяқтау үшін жұмыс қарқынын арттыру қажет. Мендегі ақпарат бойынша бірқатар өңірде жөндеу мерзімдерінің кешігу қаупі бар. Мәселен, осындай тәуекелдер Көкшетау, Теміртау, Жезқазған қалаларында орын алып отыр. Сондай-ақ Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жылу желілерін жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Энергетика нысандарын қысқы кезеңге дайындауға жауапты өңірлік штабтардың жұмысына назар аударамын. Бірқатар өңірде олар есептік көрсеткіштерді тыңдаумен ғана шектеліп отыр. Жылыту маусымына дайындық барысына былайша салғырт қарауға болмайды. Атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, нақты шешімдер қабылдау қажет, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, отырыста Үкімет басшысы Олжас Бектенов оңтүстік өңірлердің электр энергиясы сенімділігін күшейтуді тапсырды.