ЕО энергия өндіру көлемін арттыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Брюссельде Еуропалық одаққа мүше 27 елдің мемлекет және үкімет басшыларының кезекті саммиті өтіп жатыр. Іс-шараны ашқан Антониу Кошта ЕО-ның негізгі даму бағыттарын атап өтті, деп хабарлайды Брюссельдегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

ЕО энергия өндіру көлемін арттыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр
Фото: Anadolu Ajansi

А. Кошта 2026 жыл Еуропада бәсекеге қабілеттілік жылы болып белгіленгенін айтты. Оның сөзінше, саммит барысында көшбасшылар еуропалық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне назар аударады.

Ол экономикалық өсімді күшейту, сапалы жұмыс орындарын құру және стратегиялық дербестікті арттырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар бірнеше апта бұрын Алден-Бизендегі көшпелі отырыста айтылған «Бір Еуропа — бір нарық» уәдесінің орындалатынын жеткізді.

Кошта интеграцияны күшейту қажет екенін, атап айтқанда энергетика мен телекоммуникация секторларын бірыңғай нарыққа біріктіру керектігін айтты. Сондай-ақ жеңілдету бағдарламаларын жалғастыру және жасанды интеллект, кванттық есептеулер сияқты жаңа салаларға инвестиция салуды ұсынды. Бұдан бөлек, қайта даярлау мен үздіксіз білім беру жүйесін дамыту маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, ұзақ мерзімді жаңа бюджет қажет және инвестицияларды қолдау үшін еуропалық жинақтарды жұмылдыру керек. Осы мақсатта Жинақ және инвестициялар одағы туралы келісім жасау маңызды екенін де айтты.

Кошта қазіргі таңда энергетика саласында күрделі кезең жүріп жатқанын да жасырмады.

— Әрине, қазіргі уақытта энергетика саласында қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанымызды ешкім жоққа шығара алмайды және бұл мәселелерді шешуіміз қажет, — деді ол.

Оның айтуынша, Ирандағы қазіргі қақтығыс энергетикалық тұрақтылықтың ең сенімді жолы — өз энергия өндірісін арттыру екенін көрсетіп отыр.

— Ирандағы қазіргі қақтығыс энергетика саласында болжамды әрі сенімді болашақты қамтамасыз етудің ең тиімді жолы — өз энергия өндірісін арттыру екенін тағы да дәлелдеді. Бұл — энергетикалық жүйенің дербестігіне, тәуелсіздігіне және қауіпсіздігіне апарар жалғыз жол, — деді Антониу Кошта.

Ол энергетикалық өтпелі кезеңді жүзеге асыру қажет екенін, бірақ әр елдің ерекшеліктері ескерілуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге ЕО тек бүгінгі экономиканы қорғап қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін экологиялық тұрақты орта қалыптастыруы тиіс екенін айтты.

— Энергетикалық өтпелі кезеңді жүзеге асыру — біздің басты міндетіміз. Әрине, біз мұны мүше мемлекеттердің ерекшеліктерін және энергияны көп қажет ететін салалардың жағдайын ескере отырып орындауымыз керек. Бірақ біз мұны бірге жасауымыз қажет және тек бүгінгі компанияларды қорғап қана қоймай, келер ұрпақ өмір сүретін планетаны да қамтамасыз етуіміз керек. Бұл климаттық және экологиялық мақсаттардың бір бөлігі, — деді ол.

Сөзін қорытындылай келе, Антониу Кошта энергияның қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін атап өтті.

— Энергия — бұл қауіпсіздік. Сондықтан өз энергиямызды өндіру қуатын арттыруымыз қажет, өйткені бұл — қауіпсіздікке апаратын жалғыз жол, — деп түйіндеді ол.

Айта кетелік Еуропалық одақ Қазақстан мұнайының экспортына кедергі келтірмейтіні туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар