ЕО Мадуроны Венесуэла президенті ретінде мойындамайтынын мәлімдеді
АСТАНА. Kazinform – Еуропалық кеңес тәуелсіз сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, мемлекет басшысы болып қайта сайланған Мадуроның басты қарсыласы — оппозициялық кандидат Гонсалесті Венесуэладағы президент сайлауының жеңімпазы деп санайды. Бұл туралы DW жазды.

"Елдің Ұлттық сайлау кеңесі (CNE) жариялаған Венесуэладағы президент сайлауындағы дауыстарды санаудың ресми нәтижелерін сенімді деп тануға болмайды" – бұл Еуропалық Одақтың ұстанымы. Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің атынан тиісті мәлімдеме жексенбі, 4 тамызда Еуропалық кеңестің сайтында жарияланды.
Мәлімдемеде халықаралық бақылаушылардың Венесуэлада дауыс беруді халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырудағы қайшылықтарды «анық көрсеткені» және Венесуэла сайлау комиссиясының Николас Мадуроның сайлаудағы жеңісін растайтын сайлау учаскелерінің хаттамаларын әлі де жарияламағаны атап өтілді. Сонымен бірге, CNE ел билеушісін қайта сайланған көшбасшы ретінде жариялады.
– Оппозиция жариялаған және бірнеше тәуелсіз ұйымдар қараған сайлау туралы дауыс беру жазбаларының көшірмелері Эдмундо Гонсалес Уррутияның президенттік сайлауда айтарлықтай басымдықпен жеңімпаз болғанын көрсетеді, – деді Боррель.
АҚШ Гонсалесті сайлаудың жеңімпазы деп жариялады. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Венесуэла үкіметін «Венесуэла сайлау заңдары мен Венесуэла халқының тілектеріне сәйкес билікті құрметпен, бейбіт жолмен ауыстыру туралы талқылауды бастауға» шақырды.
ЕО халықаралық деңгейде мойындалған органның сайлау жазбаларын тәуелсіз тексеруге шақырды, ал кейбір жекелеген елдер CNE-ді кем дегенде дауыс беру нәтижелері туралы дәлелдемелерді ұсынуды талап етеді.
Мадуро үшінші рет сайлауда жеңіске жетті
Венесуэлада президент сайлауы 28 шілдеде өтті. Ел үкіметінің бақылауындағы сайлау комиссиясы бұған дейін елді екі мерзім басқарған Мадуро сайлаушылардың 51,2 пайызының қолдауына ие болғанын хабарлады. Алайда халықаралық байқаушылардың сайлауға қатысуына рұқсат етілмеді.
Оппозицияның пікірінше, дауыстарды әділ санаған кезде Гонсалес сайлауда шамамен 67 пайыз дауыспен жеңіске жетуі керек еді. Мадуроның қарсыластары қолдау ретінде Венесуэладағы сайлау учаскелерінен тікелей алынған бюллетеньдердің 80 пайыздан астамын жариялады. Сайлау алдындағы сауалнамалар да Мадуроның жеңілетінін болжаған.
Венесуэла билеушісі наразылық акциясына шыққан оппозиция жетекшілерін түрмеге тоғытамын деп қорқытты
Венесуэлада президенттік сайлаудан кейін елде шерулер басталды. 3 тамыздағы жағдай бойынша наразылықтар кезінде 2000 адам ұсталды.
Венесуэла билеушісі өз жақтастары алдында сөйлеген сөзінде ұсталғандарды қатаң режимдегі түрмелерге жіберуге уәде берді. Сондай-ақ, Мадуро оппозиция жетекшілерін терроризм жасады деп айыптап, түрме жазаларымен қорқытты.