Ер адамдар әйелін жеке меншігі санайды – учаскелік инспектор

Дәуренбек Ермағамбетов
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде облысы бойынша әйелді ұрып-соғу, отбасындағы жанжал дерегі екі есе өскен. Қылмыстық іс саны азайғанымен, ішімдік ішіп, отбасының шырқын бұзатындар сенбі-жексенбі және мереке күндері жиі тіркеледі. Kazinform тілшісі полиция қызметкерлерімен кезекшілікке шығып, өңірдегі ахуалды білді.

Әкімшілік іс саны артты

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бабы бойынша былтыр үш айда 500-ден астам іс тіркелді. Ал биылғы үш айда іс саны 1100-ден асып кеткен. Ал «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша былтыр 76 дерек тіркелсе, биыл бір іске кем. Сонымен бірге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ұрып-соғу» бабы бойынша былтыр үш айда 205 іс тіркелсе, биыл дәл осы уақыт аралығында 600-ден астам дерек анықталды. Талап бойынша отбасындағы жанжалдан соң ер адам бір ай бойы полиция қызметкерлерінің бақылауында болады. Былтыр Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Қорғау нұсқамасын бұзу» бабы бойынша 81 дерек анықталса, биыл 160-тан асқан. Бұл есепке алынған адамдардың белгілі бір уақытта бөлімшеге келіп, тіркелмегенін білдіреді. «Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау» бабы бойынша ерекше талаптарды бұзу дерегі де артып отыр. Былтыр үш айда 85 дерек тіркелсе, биыл 200-ден асты.

Ал қылмыстық іс бойынша былтыр үш айда 8 дерек тіркелсе, биыл 5 дерек анықталды.

полиция
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Сенбі-жексенбі және мереке күндері шақыру көп болады

Ақтөбе қаласының шағын аудандары мен тұрғын үй алаптары бірнеше аймаққа бөлініп, бақылау жүргізіледі. Біз кезекшілік атқарған №17 учаскелік полиция пунктіне «Сүт зауыты», «Малышка» аудандары мен 82 бау-бақша ұжымы қарайды. Барлығы 10 учаскелік полиция қызметкері 51 мыңнан астам адамды қамтуы тиіс.

- Тұрғындардан көбіне отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынасқа байланысты шақыру түседі. Бау-бақша ұжымдарында жан-жақтан келген адамдар тұрады. Басқа өңірден, ауылдан көшіп келген. Екіншіден, көршілер жер бөлісе алмайды. Үшіншіден, көпқабатты үйлердің тұрғындары түнгі уақытта шулағандарға шағым айтып шақырады. Сонымен бірге есепте тұрған адамдарды барып, қараймыз. Мерзімінен бұрын шартты түрде босағандар мен әкімшілік қадағалауға жататын адамдарға барамыз. Негізі отбасындағы дау-жанжал көбіне түнгі уақытта, сенбі-жексенбі, мереке күндері болады. Біздің аумақтан айына 30-дан астам адам тіркейміз. Бірі тіркеуге алынса, екіншісін шығаратынымызды айта кеткен жөн. Қайталанатын да жағдай болады. Мәселен, әйелін ұрып, 10 күн қамауда болады. Үш-төрт ай тынышталып, қайта тіркеледі. Жаңа деректер де бар. Көбіне 40-тан асқандар жанжалдасып жатады. Ер адамдар ішіп, қол көтереді. Кейде ішпей-жемеу қызғаныштан ұрып жатады, - дейді Ақтөбе қаласы ПБ Алматы ауданы №3 ҚПБ ЖПҚ аға учаскелік полиция инспекторы Нұрбек Жүгінісов.

учаскелік полицей
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Мұғаліммін, ештеңе айтпаймын – жәбірленуші

«Сүт зауыты» ауданындағы жер үйден шақыртуға полиция қызметкерлерімен бірге ере бардық. Бұл мекенжай бойынша шақыру биыл бірінші рет тіркелді. Отағасы ішімдік ішіп, отбасының мазасын алған.

- Өзім мұғаліммен. Бұл туралы ашық айта алмаймын. Осы аумақтың бәрі біледі мені. Өз отбасымда болып жатқан дүние. Маған тек шара қолданса ғана жеткілікті. Бұған дейін күйеуім ауырып, ауруханада ем алды. Тым жақсы жүр еді. Ішіп кетті тағы. Қайтейін енді?! Өз күйеуім, балаларымыз да бар. Мұндай жағдайдың болғанына 10 жыл болды. Жұмыс істемейді, ауырады, - деді зәбір көрген әйел.

учаске
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
учаске
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Полиция ішімдік ішіп, отбасы шырқын бұзған ер адамды бөлімшеге алып келді. Хаттама толтырылып, ісін сотқа жібереді.

- Кешірім бермесе, құқық бұзушы қамалады. Кейін қорғау нұсқамасына сай бір ай есепте тұрады. Бұл адам ішімдікке салынған, есепте тұр, - деді Нұрбек Жүгінісов.

«Ер азаматтар: «әйелім – жеке меншігім» деп айтады» 

Астана аудандық №2 қалалық полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторларының айтуынша, 2023 жылдың шілде айына дейін жанжалдасқан ерлі-зайыпты лезде татуласып, кешірім бере алатын. Ол кезде құқық бұзушы жазасыз қалатын еді. Ал былтыр шілдеде заң күшейіп, кешірімге қарамастан хаттама толтырылып, іс сотқа жолданатын болды. Сот істі қысқартса, екінші рет қайталанғанда ескерту береді. Ал үшінші рет тіркелсе, қамауға алынады.

- Хабарлама түскен бойда құқық бұзушыны міндетті түрде қадағалауға аламыз. Іс ашылып, арызды тіркейміз. Бір ай бойы аптасына бір рет бөлімшеге келеді, біз де барып, тексереміз. Сотта мінез-құлқына ерекше талап қоюды ұсынамыз. Ол кезде үш ай бақылауда болады. Кейбірі вахталық жұмысқа кетеді. Оны да ескертіп, жұмыс орнынан анықтама әкеледі. Мәселен, демалыс күні «Алтын орда» тұрғын алабынан шақыру түсті. Сенбі күні ішімдік ішіп, жексенбі жалғастырған. Үйде дау-жанжал туып, әйелі полициядан көмек сұрады. Барған кезде «әйел өзімдікі, не шаруаң бар» деп айтты. Өз жеке меншігі санайды. «Ұрам ба, балағаттаймын ба, өзім білемін, одан да қылмыскерді ұстаңдар» дейді. Бәрі осындай. Өзін құқық бұзушы ретінде санамайды ол адамдар, - деді Ақтөбе қаласы Астана аудандық №2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Дәуренбек Ермағамбетов.

Учаскелік полиция инспекторының айтуынша, ұрып-соқты деп қоңырау шалған әйел кешірім беріп, ертеңгі жұмысын ойлап тұратын жағдай жиі кездеседі.

- Әйелдер кешірімшіл. Отбасы мен бала-шағасын ойлайды. «Алтын орда» тұрғын алабында түскен шақыруда әйелі қоңырау шалды. Барған кезде әйелі арыз жазбады, тіпті алып кетпеуімізді өтінді. Түсініктеме алып, медициналық сараптамадан өткізуге міндеттіміз. Көбі күйеуінің жұмысын ойлайды, несиесін де уайымдайды. Кешірім бергенін сотта ғана айтады. Біз сотқа дейін шешім шығармаймыз, - деді Дәуренбек Ермағамбетов.

Полиция шақыруға барған кезде әйелден «дәрігер көмегі қажет пе» деп те сұрайды. Сонымен бірге зәбір көрген әйел 103 нөміріне хабарласып, ауруханаға баруына, тіркелуіне болады. Сот-медициналық сараптама орталығы аса ауыр, ауыр жарақат алса үзіліссіз жұмыс істеп, қорытынды шығарады. Кей кезде жәбірленушінің өзі барып, медициналық сараптамадан өтуі тиіс.

Астана аудандық №2 қалалық полиция бөлімінде 10 учаскелік полиция қызметкері бар. Бір тобы 15 көпқабатты үй, гипермаркет, гараж кооперативі, моншаны қарайды. Мұндағы екі учаскелік инспектор екі қорғау нұсқамасы қойылған адамды бақылауға алған. Бұл бөлімде де күн сайын отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркеледі.

Айта кетейік, сенбі-жексенбі күндері сот жұмыс істемейді. Сондықтан сенбі күні қамалған адам 24 сағаттан соң үйіне жіберіледі. Сот дүйсенбіде өтіп, шешім сол кезде ғана шығарылады.

- Қылмыстық жауапкершілік күшейген соң өзгерістер болуы мүмкін. Алайда әйелдер әлі де «кешірім бердім» деп жиі айтады. Кейбірі жасырып та қалады. Баласын ойлайды, жұмысын уайымдайды. Несиені де төлеу керек. Әйел соның бәрін ойлайды. Кейде көршілері хабар береді. Біз барғанда есіктен сығалап қарап, бәрін лезде түзетіп қоятын отбасылар да бар. Мұндай да жағдай кезігеді. Көршілер «мені айтпай-ақ қойыңыз» деп ұялады, кейде қорқады. Арыз жазбайды, тек нұсқап жіберіп, өзін жасырады, - деді Дәуренбек Ермағамбетов.

Еске салсақ, Президент «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. Өзгертуге сәйкес денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды, яғни бұл сипаттағы іс әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға ауысты. Жаңа заң 60 күнде күшіне енеді. Бұл 16 маусымнан бастап әйелін ұрып-соққандар қылмыстық жауапқа тартылады деген сөз.

Соңғы жаңалықтар