Ерболат Жанабылов ісі Қаржылық мониторинг агенттігіне әлі түскен жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов 11 автокөлікті ұтысқа салған блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың ісіне қатысты пікір білдірді.

Агенттік өкілі Е. Жанабыловқа қатысты сот шешімі 15 қыркүйекте шығарылғанын, шешім берілген күннен бастап 10 тәулік ішінде заңды күшіне енетінін айтты.
— Қазіргі уақытта біздің ведомствоға материалдар түскен жоқ. Алайда олар түскеннен кейін олармен танысып шығу қажет. Егер онда қылмыстық жауапкершілікке жататын іс-әрекет белгілері болса, тиісті іс тіркеліп, тергеу жүргізіледі. Тергеу барысында құқықтық баға беріп, саралаймыз, — деді Ж. Елемесов Мәжілісте өткен брифингте.
Сонымен бірге, Just King атымен танымал блогер қазірдің өзінде жауапқа тартылып, айыппұл салынды. Оның ұтыс ойындарынан кіріс алған-алмағаны және салық төленген-төленбегені тексеріледі. Егер кіріс 10 мың АЕК-тен (шамамен 39 млн теңге) асса — заңсыз кәсіпкерлік бойынша қылмыстық іс қозғалады. Егер төмен болса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Еске сала кетсек, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың әрекетін Туризм және спорт министрлігі назарына алған болатын. Блогерлер Instagram желісінде 11 автокөлікті ойнататынын хабарлаған еді.
15 қыркүйекте іс материалдары қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің болуына байланысты Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.