Ерекше балалар үшін киімді оң кигеннің өзі үлкен жетістік
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында мүгедектігі бар 30 мың адам тұрса, оның 5 мыңнан астамы — бала. Kazinform тілшісі туабітті түрлі дерті бар балалардың күтімі мен ананың табандылығы туралы мамандар ойын білді.

№ 3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы
Даун синдромы, аутизм, туа бітті сал ауруы секілді түрлі дерті бар балалардан ата-аналары кейде бірден бас тартып жатады. Ондайда шақалақ бірден сәбилер үйіне түседі. Ал бала 5 жасқа толған соң № 3 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барады.
Бұл орталық Ақтөбеде 2023 жылы ашылды. Қазір 51 бала тәрбиеленіп жатыр. Арасында ата-анасы бас тартқан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар бар. Бұл мекенді балалар 18 жасқа толғанға дейін паналайды.

— 2023 жылдың желтоқсан айында қаулы шығып, 2024 жылдың қаңтар айында Қарттар мен мүгедектер үйіне қарасты болған орталық қызметі бөлініп шықты. Мұнда 3-18 жас аралығындағы психоневрологиялық патологиясы бар балалар қабылданады. Яғни, аутист, даун синдромы, туа бітті сал ауруы бар, түрлі психологиялық дертке шалдыққан балаларды осында әкеледі. Тек арнайы мекемеден емес, баланы ата-аналардан да қабылдаймыз. Олар әлеуметтік желіден көреді, бір-бірінен естиді. Талап бойынша орталық пен ата-ана келісімшартқа қол қоямыз. Ата-ана 1 жыл, 2 жыл деп мерзімін таңдайды. Бірақ кез келген уақытта келісімшартты бұзып, баласын алып кете алады. Мұнда қазір 51 бала бар. Ал орталық 70 орынға шақталған. 18-ге толған соң орталықтан шығарылады. Кейін № 2 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қабылдайды немесе ата-анасы өзі алып кетеді. Орталықта қазір 60 камера жұмыс істеп тұр, — деді № 3 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Қарлығаш Шалаева.

Ата-аналар әр жұма сағат 16:00–18:00 аралығында баласын көре алады. Мұнда 8 қызмет түрі көрсетіледі.
Олар: тұрмыстық, медициналық, педагогикалық, психологиялық, құқықтық, мәдени, еңбек және экономикалық. Әлеуметтік тұрмыстық дегеніміз — баланың киім-кешегі мен жатын орны, гигиеналық құжетті заттары.
Сонымен бірге санитар қызметкерлер баланы жуындырады, тамақтандырады, қажет кезде жөргегін ауыстырады.

— Орталықта балалар бірнеше топқа бөлінген. Бір топта 6-13 бала бар. Топқа бөлу кезінде баланың диагнозына, жасына баса назар аударылады. Мұнда таңертең 9:00–де әнұран орындалып, таңғы жаттығу өтеді. Кейін әр топ тәрбиешісі баланың бос уақытын тиімді өткізеді. Сол аралықта дифектолог, логопед мамандар балаларды 20 минут қабылдап, ем-дом жүргізеді. Ал еңбек терапиясы нұсқаушысы ұсақ және жалпы моториканы дамытады. Еңбек пәні мұғалімі баланы далаға алып шығып, гүл күтімін жасайды, суарады. Ал тәрбиешілер болса киімін дұрыс киюден бастап қасық ұстауға дейін машықтандырады. Ерекше балалар үшін киімді оң кигеннің өзі үлкен жетістік. Ал әлеуметтік-мәдени дегеніміз — түрлі шаралар. Балалардың туған күнін атап өтеміз, мерекелерда арнайы дастархан жаямыз. Сонымен бірге музейлерге экскурсия жасаймыз, баланың уақытын тиімді пайдалану мақсатында ойын-сауық орталықтарына апарып тұрамыз. Ол кезде жол-патрульдік полициясы балалар мінген көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, — деді Қарлығаш Шалаева.

Қазір орталықта 4 дәрігер жұмыс істейді. Олар: балалар дәрігері, психиатр, невропатолог, реабилитолог. Мейіргерлер осы дәрігерлердің нұсқауымен ем шара жүргізеді.
Егер баланың денсаулығы күрт нашарласа, жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жібереді. Сонымен бірге жоспарлы ем де жүргізіледі.
Мұнда 6 рет тамақтанады. Жеміс-жидек маусым сайын өзгеріп отырады. Кейде шұбат та беріледі. Орталықта шаштараз да бар.
— Бастапқы кезде кейбір ата-аналарда сенбеушілік болды, қазір ойы өзгерді. «Сеніп тапсырған соң орталық жауап береді» деп айтамын. Күмән болса камерадан қарай алады. Барлық аумақ қамтылып отыр. Алдағы уақытта тағы 30 камера қосқымыз келеді, — деді № 3 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Қарлығаш Шалаева.

Мүгедек баламды 40 жыл бойы өзім бағып келемін — жалғызбасты ана
Ерекше бала тәрбиелеу ерік-жігер мен төзімді қажет етеді. Әр адам өмір жолын өзі таңдайды. Кейде ерлі-зайыпты қатар жүріп күреседі, кейде әкесі, көбіне анасы жалғыз бағады.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Науат Қайранбекова 43 жылға жуық уақыт бойы баласын жалғыз бағып жүрген ананың бірі. Ол баласының кішкентайында ауырып, мүгедек болып қалғанын айтып берді.
Кейін күйеуі «мүгедек бала керек» емес деп кесіп айтып, ажырасады. Арада ондаған жылдар өтті, қазір 60-тан асқан ана баласын әлі өзі бағып отыр.

— Алғашында ата-анамның үйінде тұрдым. Кейін інім үйленді де, біз бөлек шықтық. Сол кезде пәтерден пәтерге көшіп, қиын кезді бастан өткердім. Бірнеше әкімнің алдына барып, көмек сұрадым. Сөйтіп бұрын есірткіге тәуелді болған адамның өте лас күйдегі 1 бөлмелі пәтерін уақытша берді. Өзім жөндеу жұмысын жүргізіп, ретке келтіріп алдым. Қазір ұлым екеуміз тұрамыз. Ол өз еркімен жүре алмайды, ақыл-есі де дұрыс емес. Соған қарамастан ол менің балам. Бар өмірімді, күш-жігерімді соған арнадым. Бұл менің таңдауым болды. 9 ай көтеріп, өмірге әкелген соң интернатқа тапсыра алмадым, — деді жалғызбасты ана Науат Қайранбекова.
Жалғызбасты ана баласын көктем мен күзде № 2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жатқызады. Себебі бұл шақта баласы ашушаң болып, ырыққа көнбейді.
Мұндайда жедел жәрдем шақырып, көмек сұрауға тура келеді.

— Баламды № 2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жатқызған кезде уайымға салынамын. Оны кім, қалай қарайды деп ойлаймын. Соңғы барғанында аяғы ісіп кетіп, жамбасы, қолы көгеріп келді. Өзім дәрі-дәрмегін алып, ем жүргізіп жатырмын. Заңды құқығын қорғап, полицияға арыз жаздым, енді облыстық денсаулық сақтау басқармасына да шағым түсіремін. Балама дұрыс қарамаған адамдар жазаланса екен деймін. Қарап, жүрегім ауырады. Кейде ойлаймын, «мен не көрмедім» деп. Мен соңғы демім қалғанша күресемін. Пәтерді жөндегенде де жұрттың қалғанын үйге тасып, ұқсатып алдым. Ендігі арманым — баспаналы болу. Көзім тірі кезде баламды өз бөлмесінде бақсам деймін, — деді ол.
Ерекше бала және ата-ана
Ерекше бала ерлі-зайыптының өмірін түбегейлі өзгертеді. Соңғы сәтке дейін үмітін үзбегендер кейде диагнозына көндіге алмайды.
Бірі морт сынып, бас тартады, бірі баласына ем-дом жасайды. «Өз қатарына қоссам» деген ерік-жігер көп есікке апарып, дәрігерге қаралады. Балгер-бақсы жағалап, бір кереметке сенетіндері де бар.
Психолог Гүлнұр Бисекованың айтуынша, мұндайда әкеге қолдау керек.

— Қоғамдағы патриархалдық жүйе ер адамға «берік бол, әлсіздік көрсетпе, сен қамқоршысың» деп айтады. Сондықтан бала ерекше қажеттілікпен (мысалы физикалық немесе ақыл-ой кемістігімен) туған кезде кейбір әке мұны өз әлсіздігі, тіпті «жазасы» сияқты қабылдайды, баз кешеді. Психологиялық тұрғыдан алып қарағанда әке «мінсіз баланың» бейнесін елестетеді. Ерекше бала өмірге келгенде бұл елес бұзылады. Ми мен эмоция арасында қақтығыс туады. Ерекше бала — жоспарланбаған, болжанбайтын фактор. Ер адам өз өмірін, отбасын басқарамын деп ойлағандықтан бұл оны әлсіз, қорғансыз етеді. Бір жағынан «нағыз еркектің баласы мұндай болмауы керек», «бұл әкенің кінәсі», «ер азамат мықты болуы керек» деген қоғамдық қысым мен стигма өз-өзін кінәлап, баладан бас тартуына әкеліп соғады. Ал ана биологиялық, эмоционалды тұрғыда да баламен тығыз байланысты. Ол баласын қабылдамай қоюдың не екенін елестете де алмайды. Оның жалғыз күресуі көбіне таңдау емес, қажеттілік. Бұл — аналық инстинкт, махаббат, үміт, сонымен қатар, қоғамда бала үшін күресуге мәжбүр болу. Көп ана баласына қарап өмірінің мәнін қайта анықтайды, — деді психолог.

Гүлнұр Бисекованың айтуынша, ананың күресін батырлыққа да теңеуге болады. Екінші жағынан алып қарағанда бұл психологиялық қорғаныс механизмі.
— Әкелердің бас тартуы — эмоционалды инфантильділіктің, қорқыныштың, қоғам қысымының көрінісі. Бұл міндетті түрде жаман әке дегенді білдірмейді. Тек оның ішкі ресурстары жеткіліксіз. Аналар жалғыз қалуы — ерлік те, өзін-өзі сақтау механизмі де. Қоғам мен отбасылық терапия бұл жағдайды өзгерте алады. Егер әке мен анаға уақытында психологиялық көмек көрсетілсе, көп жағдайда әке де қабылдайды. Шын мәнінде күресу — әлсіздік емес, ең үлкен күш, — деді психолог Гүлнұр Бисекова.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы жыл соңына дейін ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсететін заң әзірлеуді тапсырған еді.
— Әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек. Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылдайда.