Ереванда «Яндекс» сервистері уақытша істен шықты
АСТАНА. KAZINFORM — 11 қазан күні таңертең Ереванда «Яндекс» сервистерінің жұмысында ақау байқалды. Бұл туралы Армениядағы NEWS.am басылымы хабарлады.
Басылымның мәліметінше, пайдаланушылар біраз уақыт такси шақырып, қолданбадағы карталарды пайдалана алмаған. Сондай-ақ қоғамдық көліктің келетін уақытын көретін кезде де қиындықтар туындаған.
NEWS.am хабарлауынша, сағат 11:00–дегі жағдай бойынша қолданбаның қызметі біртіндеп қалпына келе бастаған.
Сол күні компания дрон шабуылынан кейін Владимир қаласындағы «Яндекс» деректер орталығының инфрақұрылымы зақымданғанын және нысанның жұмысы тегіс тоқтағанын хабарлады. Компанияның мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Қазір мамандар келтірілген залалды бағалап, орталықтың жұмысын қалпына келтіру жолдарын қарастырып жатыр.
Бұған дейін Ресейде бірқатар сервистің жұмысы жаппай істен шыққан еді.
Сондай-ақ бұған дейін Yandex Go Kazakhstan сервистер жұмысындағы ақауларға қатысты түсінік берген еді.
Компанияның баспасөз қызметі кейбір сервистерде ақау бар екенін растады. Қазір мамандар олардың жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатыр. Алайда қызметтердің қашан толық іске қосылатыны әзірге белгісіз.
Яндекс өкілдерінің түсіндіруінше, күрделі цифрлық сервистердің жұмысы әртүрлі елдерде орналасқан серверлерге тәуелді. Сондықтан бір сервердегі ақау басқа елдердегі қызметтердің жұмысына да әсер етуі мүмкін.