ERG Ақтөбеде жел электр стансасын салады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – ESG қуаттылығы 115 МВт болатын жел электр стансасының құрылысын бастады. Жаңа жобаның капсуласын қалау рәсіміне ERG Директорлар кеңесінің төрағасы мен мүшелері Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Шухрат Ибрагимов және Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданында 40 мыңнан астам адам тұрады. Орталығы Хромтау қаласы тұрғындарының көбі қазір Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Бұл өндіріс орнының тұрақтылығы аса маңызды. Ондағы технологияны жаңарту, заманауи жүйені енгізу күн тәртібінен түскен емес. ERG осы бағытта «Хромтау» жел электр стансасының құрылысын бастады. Жаңа жоба Топ кәсіпорындарының декорбонизация бағдарламасы аясында әрі ESG қағидаттарына сәйкес салынып жатыр. Қуаттылығы 155 МВт болатын станса жоспар бойынша 2024 жылы іске қосылады. Хромтау маңындағы 150 гектар аумақта жел генераторының паркі бой көтереді.

Шынымен де жел электр стансасын салу кезінде тың инжиниринг әрі жоғары технология қолданылады. IEC S санатындағы қуатты турбиналар жергілікті ауа райына бейімделеді. Олар желдің секундына 3 метрден 25 метрге дейінгі жылдамдығында қуат алады. Нәтижесінде еліміздің батыс аймағындағы күрт құбылмалы ауа райы жағдайында қажетті көлемде қуат өндіруге мүмкіндік бар. Электр қуаты «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына жеткізіліп тұрады. ERG алғашқы жел электр стансасы жобасына шамамен 110 млрд теңге көлемінде инвестиция салды. Құрылыс кезеңінде мұнда 300-ге тарта жұмыс орны ашылады. Станса іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыс істейді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі керектігін айтты. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. Дөң тау-кен байыту комбинатын жел электр қуатына көшіре отырып, біз ұтымды бастамаға нық қадам жасап отырмыз. Кейін бұл сәтті кейсті ERG-дің өзге де кәсіпорындарында қолданамыз деп үміттенемін. Жел электр стансасын салу тәжірибеміз Қазақстанның өзге де ірі кәсіпорындарына үлгі болса дейміз», - деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

Ал қазіргі кезде Дөң тау-кен байыту комбинаты 45 МВт-қа жуық электр қуатын тұтынып отыр. Келешекте өндіріс қуаты ұлғайып, жаңа жобалар жүзеге асатынын ескерсек, сұраныс 80 МВт-қа дейін артуы мүмкін. Стратегиялық бағдарлама аясында қуат тапшылығы мүлде болмайды. Әрі экологиялық жағынан өте тиімді. Жел электр стансасы көмірден қуат алуды азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, көмірқышқыл газының атмосфераға шығарындылары жылына 520 мың тоннаға дейін азаяды. ERG экологиялық стратегияны негізге алып, СО2 шығарындыларын 2 млн тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай шығарындылар көлемі – 56%, төкпелер көлемі – 30%, су тұтыну мөлшері – 33% төмендетіледі. Бұл туралы ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич тілшілермен кездесуінде айтты.

«ERG-дің экологиялық стратегиясы бар. Біз 2030 жылға дейін 900 млрд теңге бөліп, Дөң тау-кен байыту комбинатында шлам өңдейтін байыту комбинатын салуды жоспарлап отырмыз. Кәсіпорында жиналған шлам көлемін азайтуға септігін тигізеді. Әрі жылына 700 мың тонна өнім алынады. Концентрат сапасы 48,5 % төмен болмайды деп күтілуде. Жылына 1,7 млн тонна шикізат қайта өңделмек. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 2022 жылдан бастап концентрат тапшылығы азаяды деген болжам бар. Фабриканы 2023 жылы толық қуатына шығару көзделген. Жобаға құйылған жалпы инвестиция көлемі – 50 млрд теңге. Мұнда 270 тұрақты жұмыс орны ашылады. Адам мен оның денсаулығы біз үшін маңызды екенін еске саламын. Ақтөбе хром қосындылары зауытында да ферроқорытпа газынан электр қуатын алатын жобаның құрылысы басталады. Қуаттылығы 100 МВт болады. Сөйтіп алдағы бес жылда шығарындыларды тағы 50 % азайтамыз», - деді Александр Машкевич.

Айта кетейік, Дөң тау-кен байыту комбинатында «Қазақстан Тәуелсіздігінің онжылдығы» шахтасының екінші кезеңі салынып жатыр. Шахтаның жаңа кезеңі хром кенінің өндіріс көлемін жылына 7,5 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі – 877,6 млрд теңге.

БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич кен қоры әлі мол екенін, алдағы 100 жылға жететінін тілге тиек етті. Кейін шахтерлермен кездесіп, оларды арнайы құттықтады. Үздіктерін марапаттап, ақшалай сыйақы берді. Адам мен оның өмірі маңызды екенін, алда талай жобаны бірге жүзеге асыратынын айтты.

Журналистер үшін Ақтөбе ферроқорытпа зауытына да баспасөз туры ұйымдастырылды. Мұнда жылына 440 мың тонна өнім өндіретін №4 цехтың жұмысы қуатты. Соңғы технологиямен салынған цех ішінде жүйе автоматтандырылған. Дөң тау-кен байыту комбинатында өндірілген шикізат осы зауытқа түсіп, өңделіп, кейін Еуропа, Қытай, АҚШ, ТМД елдері мен Жапония, Оңтүстік Кореяға жіберіледі. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабековтің айтуынша, №4 цех жұмысы экологиялық талаптарға сай.Жыл соңына дейін №2 цехтың газ тазарту құрылғысы жаңартылады. Ал 2023 жылдың мамыр айына дейін түгел жаңғырту жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар
telegram