Ерлан Хаиров: Ақтөбе - негізгі капиталға инвестиция тартқан көшбасшы аймақ

Ақтөбеде газ, электр қуаты арзан. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бар. Темір жол, тас жол қатынасы тауар алмасуға, бизнесті дамытуға ыңғайлы. Ақтөбеде өткен инвестициялық форумға қатысқан ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров өңірдің артықшылықтарын өзге аймаққа үлгі етті.
«Ақтөбе облысы негізгі капиталға инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республикада бірінші орында келеді. Негізі инвесторларға жағдай жасау, олардың әр ұсынысын мұқият қарап, жобаның іске асырылуын қамтамасыз ету Елбасы тапсырмасы болатын. Еліміздің заңнамалары оңтайландырылып, оларға жер беруге мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, үш түрлі салықтан босатылды. Шетелдік инвесторларды мемлекеттік-жекешелік серіктестік механизмімен жұмыс істеуге де шақырамыз. Бұл бағытта Ақтөбе тағы көшбасшы болып тұр. Облыс 8 құжатқа қол қойылды. Түрік инвесторларымен бірлесе іске асырылып жатқан жедел жәрдем станциясын салу жобасын өзге өңірлерге үлгі етіп жүрміз», - деді Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев форум аясында Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньянмен кездесті.
«Мемлекет басшысының қойған басты міндеттерінің бірі - елде қолайлы инвестициялық жағдай жасау. Бұл үшін өңірде мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Біріншіден, шетелдік инвестициялардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Екіншіден, инвесторларға қажетті қолдау көрсетіліп, Қазақстанның заңнамаларында көзделген барлық жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынылады», - деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Кездесу кезінде іскерлік байланысты жандандыру, өнеркәсіп, инновация, дәрі-дәрмек, ауыл шаруашылығы, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Ал Стефано Раваньян екіжақты қарым-қатынасты бекіту мақсатында Ақтөбе қаласынан Италия елшілігінің өкілдігін ашу мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, жыл басынан бері аймақ экономикасына шамамен 800 миллион доллар инвестиция тартылған. Форум аясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Біріккен Араб Әмірлігінен келген «Al-Masaood Oil and Gas» компаниясының бас директоры Ахмад аль-Таннирмен кездесті. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс басшылығы мұнай-газ саласын, ауыл шаруашылығы, қонақ үй бизнесін, энергетика бағытын дамытуға мүдделі екенін айтты.
«Біз Ақтөбе облысының даму келешегінің зор екеніне сенімдіміз. Өңірге бірнеше бағыт бойынша инвестиция салуға дайынбыз. Жобалар қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жоғары технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылатын болады. Біз сондай-ақ, Ақтөбе қаласында өз компаниямыздың өкілдігін ашуды жоспарлап отырмыз және осы мәселе бойынша сіздердің қолдауларыңызға сенеміз», - деді «Al Masaood Oil and Gas» компаниясының бас директоры Ахмад аль-Таннир.