Ерлан Қарин білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысын ұйымдастыруға қатысты жиын өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Жиында білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысының мазмұнын байытуға және оның сапасын арттыруға мүмкіндік беретін тәсілдер мен ұстанымдар талқыланды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Ерлан Қарин білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысын ұйымдастыруға қатысты жиын өткізді
Фото: Ақорда

Басқосуда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының басшысы Нәзипа Аюбаева баяндама жасады.

Мемлекеттік кеңесші педагогтердің алдағы Тамыз кеңесінде мектептердегі тәрбие жұмысын одан әрі жетілдіруге арналған тақырыптық алаңдар ұйымдастыруды тапсырды.

Бұл ретте Ерлан Қарин тәрбие жұмысына жан-жақты қарап, мемлекет, мектеп және ата-ана бірге атсалысуы қажет екеніне назар аударды. Сонда ғана бұл жұмыс табысты болады.

Жиын соңында мемлекеттік органдарға барлық білім беру мекемелеріне біртұтас тәрбие бағдарламасын енгізу жұмысын жалғастыру туралы тапсырма берілді.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің IV Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша жиын өткізген болатын.

Соңғы жаңалықтар