Ерлан Сайыр Солтүстік пен Шығыстан халықтың көшу себебін атады
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік пен Шығыстан халықтың көшу себебі — аймақтардың газдандырылмауы. Бұл туралы бүгін Құрылтай отырысында Энергетика министріне сауал жолдаған депутат Ерлан Сайыр айтты.
— Сайлау алдындағы кездесулер барысында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары «Әділет» партиясы өкілдеріне осы аумақтарды газдандыру мәселесін көтеруді бірнеше рет сұрады. Солтүстік және Шығыс өңірлерді газдандыру, атап өткеніміздей ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларда көзделген. Дегенмен, 2026 жылы практикалық конфигурация өзгере бастады: солтүстік бағыт бойынша Петропавл, Көкшетау және Астананы газбен жабдықтауға бағдарланған «Есіл — Астана» магистральдық газ құбырының жеке жобасы жасалып жатыр, — деді депутат.
Оның мәліметінше, Қазақстанның Солтүстік-Шығыс экономикалық макро-аймағында жалпы 3,5 млн адам тұрады, Еліміздің аграрлық саласы өнімінің 46-пайызын, өнеркәсіп өнімінің 21-пайызын өндіреді. Соған қарамастан 2025 жылы көшіп келушілер мен көшіп кетушілер арасында кері сальдо 27 мың адам болды.
— Оның басты себептерінің бірі — аймақтардың газбен қамтылмауы, — деді Ерлан Сайыр.
Осыған орай депутат халықты газбен қамту әлеуметтік аса маңызды мәселе екенін ескере отырып, келесі қадамдарды іске асыру қажет деп есептейді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Солтүстік- шығыс экономикалық аймағын газдандыруды тездету;
— құбыр тарту үшін мемлекеттік-жекешілік әріптестік, жеке инвестиция көздерін тарту;
— елімізде ішкі газ көздерін іздестіруді тереңдету;
— халық арасында бұл мәселенің шешілу тетіктері мен мерзімдері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізу.
Бұған дейін депутат Айсұлу Сүлеймен пилотсыз авиацияны дамыту үшін бірыңғай цифрлық жүйе құруды ұсынған еді.