12 түрлі елдің мәдениеті мен өнерін көрсетуге тырысамыз - Silk Way Star қатысушысы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Астанасы Silk Way Star мега жобасының қатысушыларын әлі де таңғалдырып келеді. Бұл туралы әлемдік додада Тәжікстан намысын қорғайтын Фахриддин Хакимов Jibek Joly арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
– Ең алдымен, Қазақстан астанасының тазалығы таңдай қақтырады әрі Орталық Азияға ғана тән архитектуралық ғимаратты көздің жауын алады, - дейді ол.
Тәжік әншісі Фахриддин Хакимов Silk Way Star жобасына дейін көптеген халықаралық жарыста топ жарып үлгерген. Өзінің кең диапозонымен тыңдармандарының жүрегіне жол сала білген дара әртіс. Бірақ, Silk Way Star мега жобасының ауқымы бөлек, әлеуеті жоғары екенін айтты.
– Мен 12 мемлекеттің өнерпаздарын біріктірген ауқымды жобаға алғаш рет қатысып отырмын. Мен үшін бұл - зор мәртебе. Өз елімнің намысын қорғау маған жүктелген зор жауапкершілік деп білемін. Бұл Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған шоу деп ойлаймын. Себебі бұл жерде сахнаның сыртында күн-түн демей еңбек етіп жүрген қаншама адамның маңдай тері бар, - дейді Фахриддин Хакимов.

Сонымен қатар ол «БүгінLive» бағдарламасы арқылы барша телекөрермендерге үндеу жасады.
– Құрметті көзіқарақты көрермен! Jibek Joly арнасы арқылы өзіңіздің көңіліңіз қалаған қатысушыға дауыс беріп, бізді қолдауға шақырамын. Біз қолымыздан келгенше 12 түрлі елдің мәдениеті мен өнерін көрсетуге тырысамыз. Себебі, сіздердің қолдауларыңыз әртістер үшін өте маңызды және ол бізге шабыт береді, - деді ол.
Тәжікстандық мейман жобаның түсірілім жұмыстарының деңгейін де жоғары бағалады. Сахнаның көркемдігі, музыкалық аппаратура барлығы қатысушылардың көңілінен шыққан. Ең бастысы, осы алаң арқылы тың туындылар мен жаңа идеялар туындап жатқанын алға тартты.
Айтпақшы, ертең сағат 20:00-де Jibek Joly арнасында SILK WAY STAR мега жобасының алғашқы шығарылымы көрермен назарына ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін Silk Way Star жобасының анонсы ҚТЖ ғимаратының экранынан көрсетілгені туралы жазған болатынбыз.