Ертең Мирзиёев пен Путин Санкт-Петербургте кездесу өткізеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен 4-5 маусым күндері жұмыс сапарымен Санкт-Петербург қаласына барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шавкат Мирзиёев «Прагматикалық диалог — тұрақты келешекке жол» атты 29-шы Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйлейді.
Көршілес елдің президенті әлемдік экономикадағы ахуал, Өзбекстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету мүмкіндіктері бойынша өз көзқарасын баяндайды.
Сондай-ақ, сапар аясында Шавкат Мирзиёев Владимир Путинмен кездесу өткізеді. Бұған қоса президенттер Өзбекстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын ресми бастауға арналған салтанатты рәсімге қатысады.
Еске салайық, Өзбекстанда АЭС салынатын алаңда дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, МАГАТЭ өкілдері АЭС құрылысының барысын бақылау үшін биыл Өзбекстанға барады.
Қоса кетсек, Өзбекстанда салынатын АЭС елдің үш өңірін электр қуатымен қамтамасыз етеді.