Ертең Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Астанаға келеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 17 қыркүйекте өтетін «Орталық Азия + Германия» саммитіне қатысу үшін Астанаға жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Саммитте Орталық Азия елдерінің Германиямен ынтымақтастығын дамыту және тереңдету мәселелері қаралмақ.
«Саммитте сауда-экономикалық, инвестиция, технология, көлік-коммуникациялық және басқа да басым бағыттардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, жетекші неміс компаниялары және банктерінің басшыларымен бірлескен кездесу өткізу жоспарланып отыр», - делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетсек, «Орталық Азия + Германия» форматындағы бірінші кездесу былтыр 29 қыркүйекте Берлин қаласында өткен болатын.
Еске салайық, бүгін Германия канцлері Олаф Щольц Қазақстанға ресми сапармен келді. Оған дейін ол Өзбекстанда болып, Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізген еді.