Ертең Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Түркістанға келеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 15 мамырда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Ертең Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Түркістанға келеді
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Көршілес елдің басшысы Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбындағы бейресми саммитіне қатысады.

Шавкат Мирзиёевтің баспасөз қызметінен хабарлағандай, іс-шара барысында ұйым аясындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері қаралады. Атап айтқанда, президенттер сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды тереңдету, сауда дәліздері мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту, инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін талқылайды.

Сонымен қатар мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік маңызды мәселелер бойынша пікір алмасады.

Саммит қорытындысы бойынша Түркістан декларациясын қабылдау жоспарланып отыр.

Еске салайық, ертең Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді. Ауқымды іс-шара алдында ұйымның Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Kazinform тілшісіне берген жазбаша сұхбатта алғашқы бесжылдық қандай жетістіктермен түйінделіп жатқанын айтты.