Ертең Шавкат Мирзиёев пен Олаф Шольц Самарқанда келіссөз жүргізеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Президент Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен 15-16 қыркүйек күндері Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц Өзбекстанға ресми сапармен келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сапар аясында Шавкат Мирзиёев пен Олаф Шольц Самарқанда келіссөз өткізеді. Оның барысында Өзбекстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралады.
Келіссөзде тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық әріптестікті кеңейту, жетекші неміс компаниялары және банктерімен кооперацияны тереңдету, еңбек көші-қоны мәселелеріне ерекше назар аудармақ.
Сондай-ақ, Өзбекстан басшысы мен Германия канцлері екі елдің іскер топтарымен бірлескен кездесу өткізеді.
Олаф Шольц Өзбекстаннан кейін Қазақстанға ресми сапармен барады. Сапар аясында Астанада жоғары деңгейдегі келіссөздер, сондай-ақ «Орталық Азия + Германия» форматындағы екінші кездесу өтеді.