Ертіс-Баян өңірінде ЖОО-ларда қанша студент білім алып жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірдегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқандардың үлесі 3,9 %-ға артқаны байқалып отыр. Биыл жергілікті оқу ұйымдарында жаңадан 6 мыңнан астам студент қабылданған.
Павлодар облысында үш университет пен бір институт бар.
Өңірлік статистика департаментінің мәліметінше, аталған оқу орындарында қазіргі уақытта 15 656 адам білім алып жатыр. Білім алушылар саны былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 3,9 %-ға өскен.
- Білім алушылардың қатарындағы нәзік жандардың үлесі – 49,1%. Барлық студенттер күндізгі оқу түрін таңдаған. Биыл ЖОО-лар 6075 адамды жаңадан оқуға қабылдаған. Талапкерлердің 47,8 %-ы орта оқу орнынан кейін құжат тапсырғандар болса, 42 %-ы колледж бітіргендер, - деп хабарлады облыстық статистика департаментінен.
Білім алушылардың 40,4 %-ы мамандықтарын мемлекеттік тілде меңгеріп жатыр. ЖОО-ларда шет мемлекеттерден келген 249 адам оқиды.
Оқу ұйымдарында студенттерге 896 оқытушы сабақ береді. Олардың арасында 47 ғылым докторы, 298 ғылым кандидаты, 53 профессор, 218 доцент бар. Философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін 157 оқытушы, магистр академиялық дәрежесін 342 адам иеленген.
Еске сала кетейік, мұғалім жүктемесін азайтуға бағытталған Ұлттық білім беру платформасы іске қосылады.