Ержан Біржанов жемқорлардан тәркіленген қаражат жинақталатын қорға қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қазір жемқорлардан тәркіленген қаражатты мектеп құрылысы жобаларын арнайы комиссия қарастырып жатқанын айтты.

Ержан Біржанов
Фото: ortcom.kz

— Жалпы, 220 млрд теңге сомада қаражат арнайы шотқа (Жемқорлардан тәркіленген қаражат жинақталатын қор) түсті. Қазіргі кезде бұл қаражат инфрақұрылым жобаларына бағытталып отыр. Ол жобалар тиісті комиссияда қаралады. Атап айтқанда, білім беру нысандарына қатысты құжаттар жолданып жатыр, — деді Е. Біржанов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Былтыр Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жемқорлық қылмыстар аясында тәркіленіп, қайтарылған қаражат есебінен 2023 жылы 36 мектеп салынса, 2024 жылы тағы 25 мектеп салынуы тиіс екенін айтты.

Еске салайық, Мемлекет басшысы 2022 жылы 1 желтоқсанда жариялаған Жолдауында: «Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс», — деп атап өткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар