Ержан Сәденов Aitu жайында: сенімді болған соң қолданып отырмыз
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлінің бүкіл құрамы Aitu мессенджеріне көшті. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты.

- Жалғыз мен емес, бүкіл жеке құрам Aitu-ға көшті. Біріншіден, бұл - ұлттық, мемлекеттік мессенджер. Оған қуану керек. Әрине, кемшіліктер, техникалық ахау болатын шығар. Көш жүре түзеледі. Алаяқтыққа қатысты оны әзірлеушілермен тікелей жұмыс істейміз. Кемшіліктерін солармен талқылаймыз. ІІМ-де бұл салаға қатысты арнайы департамент бар, - деді министр Мәжілістің жалпы отырысына кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Осы орайда тілшілер одан мессенджердің қаншалықты сенімді екенін сұрады.
- Әрине, сенімді. Сондықтан да біз қолданып отырмыз. Ал алаяқтық болуы мүмкін. Оған тосқауыл қоямыз. Орын алса анықтап, алаяқты жауапкершілікке тартамыз, - деді Ержан Сәденов.
Бұған дейін Aitu мессенджерін ай сайын 500 мыңға жуық адам қолданатынын жазған едік.