«Ешқандай ереуіл болмайды»: Талғарда қаза тапқан 16 жастағы жасөспірімнің әкесі мен Айтбек Амангелді үндеу жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Талғарда кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі мен қорғаушысы Айтбек Амангелді мәлімдеме жасады.

Шеразттың әкесі
Фото: Видеодан алынған скрин
«Біз Шерзаттың әкесі Қаржаубай екеуіміз 14 қазан күіні ешқандай митингіге шығудың қажеті жоқтығын айтқымыз келеді. Митинг болмайды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Экспертизалар жасалады. Бұл ереуіл тергеу амалдарына кері әсер етуі мүмкін. Бұл пайдасыз әрекет», — деді Айтбек Амангелді.

Шерзаттың әкесі тек қана әділ сот талап ететін алға тартты.

«14 қазан күні ешқандай митинг, қан төгіс болмайды. Менің мақсатым баламның өліміне қатысты әділетті сот шешіміне қол жеткізу. Адамдар келіп, тергеу жүріп жатыр. Қорғаушылар, марқұм Салтанаттың бауыры да бар. Бір-бірмізге қолдау көрсетіп жатырмыз. Халықтың қолдауына алғыс айтамын. Бірақ қан төгудің қажеті жоқ. Қан төгіспен еш нәрсе шешілмейді. Мен балам үшін әділ сот талап етемін. Соңына дейін барамын», — деді Шерзаттың әкесі.

Еске салайық, 4 қазан күні Талғар қаласындағы төбелестен жасөспірім қайтыс болғанын жазғанбыз.

Одан кейін Шерзаттың туған-туыстары мен Талғар тұрғындары ашық тергеу болуын талап етіп, наразылыққа шыққан болатын.

Бүгін Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны белгілі болды.

Ішкі істер министрі Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі бақылауға алды.

12 қазан күні Талғарда марқұм 16 жасар Шерзаттың үйі өртенді. Полиция отбасыны қорғауға алды.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауржан Аленов марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеу оқиғасын тергеу тобымен Талғарға барды.

Артынша, Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

Соңғы жаңалықтар